Күміс домбыра Қаратауда

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» мен Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік бабалар аманаты» атты республикалық «Күміс домбыра — 2023» жас ақындар айтысы өтті. Дәстүрлі түрде үшінші рет ұйымдастырылған дүбірлі додаға республика бойынша 16 ақын қатысып 8 жұп болып бақ сынасты. Суырып-салма өнерді қолдау үшін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Жұмабекұлы Асылов арнайы ат басын бұрып, жас өрендерге сәттілік тіледі. Ережеге сәйкес 16 ақыннан іріктелген қатысушылар ақтық кезеңге өтіп, түрлі әлеуметтік тақырыптарды қозғай отырып аламан айтысты жандыра түсті.

Орақ ауызды кіл жүйріктердің сайысына айтыскер ақын, Алтын домбыра иегері, Қазылар алқасының төрағасы Бекарыс Шойбеков, ақындардың анасы Құрмет орденінің иегері Маржан Есжанова, айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков, Жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Күлия Айдарбекова, айтыскер ақын, Алтын домбыра иегері Еркебұлан Қайназаров төрелік жасап, шын жүйріктердің өнеріне әділ бағасын берді.

Айтыстың қорытындысы бойынша

БАС ЖҮЛДЕ — Аян Ниязбек, Шымкент қаласы, Қаратау дәстүрлі өнер мектебі Майлықожа атындағы айтыс сыныбының ұстазы

I ОРЫН — Мәрес Байрон (Павлодар облысы)

ІІ ОРЫН -Ахметрасул Баянбай, (Түркістан облысы), Мұхтар Қонарбай (Астана қаласы)

ІІІ ОРЫН — Нұрдәулет Өмірбек (Астана қаласы), Ердәулет Ыбырай (Астана қаласы)

Майлықожа Сұлтанқожаұлы атындағы арнайы жүлде — Ақбота Манарбекқызы (Шығыс Қазақстан облысы)

Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлде — Аягөз Абдуалиева (Ақмола облысы)

Шымкент қаласы әкімінің арнайы жүлдесі — Алина Айдаралы (Жамбыл облысы)

Республика күніне орай ұйымдастырылған дүбірлі додаға қатысып, бақ сынаған барша жүйріктерді шын жүректен құттықтаймыз. Ұлттық өнерімізді ұлықтап, жастардың шығармашылық жолына қолдау көрсеткені үшін Шымкент қаласы әкімдігіне, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына, және де «Жастар ресурстық орталығының ұжымына, сонымен қатар барша айтыс сүйер көрермендерге шынайы алғыс білдіреміз. Республика күні құтты болсын! Еліміз аман, аспанымыз ашық, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай. Күміс домбыраның келесі сайыстарында жүздескенше аман-сау болайық ағайын!