Кәсіподақ мүшелеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы және еңбек қатынастары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында 2022 жылғы 21 қараша күні Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерімен кездесіп, кәсіподақ мүшелерінің қал-жағдайымен танысты.

Кездесуге «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әуесханов Серік Елемесұлы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі Әлжанова Жазира арнайы қатысып, олар жиынға қатысқан мекеме қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру туралы және еңбек қатынастары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Атап айтқанда, басқосуда бастауыш кәсіподақ мүшелеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет түсінігі, құрылымы, міндеттері мен функциялары жайында ақпарат беріліп, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 — 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы кеңінен түсіндірілді.

Іс-шараға қатысқан Жазира Әлжанова Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын таныстыра отырып, ондағы зардаптармен күрестен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге бағытталғандығын атап өтті.

Кездесуде сөз алған салалық кәсіподақ филиалының төрағасы Серік Әуесханов еңбек құқықтарын қорғау бағытында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» жанынан құрылған «Татуластыру орталығының» және «Заң клиникасының» жұмыстарына тоқталып, кәсіподақ мүшесі қандай да бір мәселе төңірегінде заңгерлердің көмегіне жүгініп, тегін құқықтық кеңес алуға болатынын жеткізді.

Бұдан бөлек, жиында еңбек қатынастарын реттеу, ұжымдық, келісім және еңбек шарттарын сақтау, еңбек қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, жазатайым оқиғалардың алдын алу, жалақы қарыздарын болдырмау, дауларды шешу, медиация жұмыстарын жүргізу жөніндегі сөздер қозғалды.

Жиын соңынан сыйлық пен параның айырмасы, жемқорлықты дер кезінде хабарлау, құқықтық сауаттылық жайында сұрақтар қойылып, тұщымды жауап алынды.

Жиын қорытындысында сөз алған Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Жұлдыз Балтабаева кездесуге қатысқан кәсіподақ филиалының төрағасына және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкіліне түсіндіру жұмыстарын жүргізгендеріне алғысын білдіріп, заң талаптарының орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.