Маңғыстау облысында 30 жылда 1100 шақырым автомобиль жолы салынып, үш темір жол іске қосылды

Маңғыстаудың шекаралық облыс ретінде транзиттік, көліктік-логистикалық және инфрақұрылымдық әлеуетінің артуы — Тәуелсіздік жылдарының жемісі. Ел астанасынан шалғайда, түбекте жатқан Маңғыстауда темір жолы, теңіз және автомобиль жолдары қатар дамып, бүгінде тоғыз жолдың торабына айналды.

         Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Кавказ, Түркия арқылы Еуропа елдеріне жаңа бағыт ашылды. Қазақтың екінші теңіз порты бой көтерді. Құрық порты бүгінде транскаспий халықаралық көлік бағдарының маңызды түйініне айналды. Теңіз айлағы арқылы жылына 2 млн тоннадай жүк тасымалдануда.

         Тәуелсіздік тұғыры орнаған 30 жылда өңірде жаңа темір жолдары іске қосылды. Үш мемлекетті жалғайтын «Өзен–Берекет–Горган» халықаралық темір жол дәлізі ашылды. «Боржақты-Ерсай» және «Бейнеу-Шалқар» темір жолдары салынды.

         Өткен ғасырдың 90-шы жылдары облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1 778 шақырымды құраған. Тәуелсіздік алған жылдан бастап тағы 1 мың шақырымнан астам жол салынды, тозығы жеткен 2 мыңға жуық жол жөндеуден өткізілді.

         2020 жылы өңірдегі 154 шақырым жолға асфальт жабындысы төселді. 149 шақырымды қамтитын 8 жол қайта жаңартылды. Ал биыл облыстық және аудандық маңыздағы 12 жол қайта қалпына келтірілуде. Атап айтқанда, «Жыңғылды – Шайыр — Шерқала» (29 км), «Шетпе-Қызан» (Тасмұрын-Мастек учаскесі, (36 км), «Шетпе-Қызан» (Мастек-Қызан учаскесі, 25 км), МАЭК су жинау каналынан «Құрық» паромды кешеніне дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау (27 км), «Ақтау-Форт-Шевченко» 5-29 км (24 км), «Хонда» орталығынан Өмірзақ ауылына дейінгі жол (4,5 км), «Басқұдық ауылынан бастап Маңғыстау ауылына дейінгі 10 шақырым автомобиль жолы» (10 км).

         Ақтаудың іргесіндегі жылы жағажайға дейін жаңа жол төселді. Бұл өңірдегі туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

-2022 жылы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан 6 жобаны қаржыландыруға қолдау көрсетілді. Келер жылы «Басқұдық ауылынан бастап Маңғыстау ауылына дейінгі 10 шақырым автомобиль жолы», «Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылын 4,3 шақырым айналма жолды салу, «МАЭК» су жинау каналынан «Құрық» паром кешеніне дейін 37 шақырым автомобиль жолын қайта жаңарту, «Жыңғылды – Шайыр –Шерқала», «Шетпе-Қызан» жолының «Тасмұрын – Мәстек, Мәстек-Қызан аралығына асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі, деді облыстық автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев.

         Сонымен бірге, Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына сәйкес, өңірдің көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында республикалық маңыздағы «Бейнеу-Шалқар» және «Жаңаөзен-Түркменстан шекарасы» автомобиль жолдарын салу жоспарланып отыр.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі