Мектептер арасында өткен «ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ» СПОРТТЫҚ САЙЫСЫ аяқталды

Бүгін Қажымұқан атындағы Орталық стадионда «Шымкент жастар лигасы» спорттық ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, футбол бәсекесінде сайысқа түскен командаларды құттықтады

Футболдан финалдық ойын № 87 А.Назарбеков атындағы жалпы орта мектебі мен №58 жалпы орта білім беру мектебі арасында болды. Нәтижесінде 1:0 есебімен № 87 мектеп жеңіске жетті. Жеңімпаз команданы қала әкімінің өзі құттықтап, 20 млн теңгенің сертификатын табыстады. Ал үшінші орын №3 Ұлықбек атындағы жалпы орта мектебінің үлесіне тиді. Жалпы Лигада футбол ойынынан 135 команда бақ сынаған болатын.

Айта кету керек, «Шымкент жастар лигасы» ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай үшінші мегаполисте қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен биылғы 1 наурызда бастау алған болатын. Шымкентте алғаш рет қолға алынған ірі спорт бәсекесінде оқушылар төрт спорт түрінен – волейбол, футбол, баскетбол және шахмат ойындарынан сынға түсті.

Сайыс қорытындысы бойынша шахматтан А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия шәкірттері үздік атанды. Ал №9 мектеп-лицейі 2-орынды иеленсе, №23 мектеп 3-орыннан көрінді. Волейболдан Ж. Аймауытов атындағы №64 мектеп шәкірттері жеңімпаз атанды. Ал Әл-Фараби атындағы №113 мектеп 2 орын алса, А. Байтұрсынов атындағы 3 орынды №50 мектеп иеленді. Ал баскетболдан №28 жалпы орта білім беретін мектебі 3-орын, №9 Ө.А.Жолдасбеков атындағы ІТ лицейі 2-орын, 1-орынды №8 М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған гимназия қанжығаларына байлады. Әр спорт түрінен жеңімпаз командаға 20 млн теңгеден жүлде берілді. Бұдан бөлек, сайыста белсенділігімен көзге түскен командалар мен жекелеген ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды.

«Шымкент жастар лигасына» қатысуға 140 білім ұйымынан, 536 командадан өтініш түскен. Ойындарды үйлестіру үшін 420 денешынықтыру маманы жұмылдырылып, тікелей  8 569 оқушы қатысты.
«Шымкент жастар лигасының» жалпы жүлде қоры – 80 млн теңге. Спорттың әр түрінен үздік шыққан командаға 20 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді. Жүлде қаржысы мектептің қажеттіліктеріне, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады.