Меркі ауданында кездесу өткізілді

Меркі аудандық орталық емханасы мен Аспара және Ақермен ауылдық округінде «Салауатты халық» жоба аясында «Біліңіз, ұзақ өмір сүріңіз» атты кездесу отырысы өткізілді. Алғашқы дөңгелек үстел Меркі аудандық орталық емханасында бастау алды.  Толық қамтамасыздандырылған медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі үздік практикалық орталықпен танысу үшін  Германия елінен  келген Саманта Лоу мен Қырғызстаннан келген арнайы қонақтар Қырғыз Республикасының  Денсаулық  және әлеуметтік  даму министрлігі медициналық көмек  департаментінің бас маманы Асылбашева Райса, Чу облысы бойынша денсаулық сақтау үйлестірушісі Мамытова Бақтыгуль, Чу облысы әкімінің орынбасары  Волкова Светлана , Чу орталық аудандық  Жайыл ауданының ауруханасының директоры Имашева Айнура, ЧУ облыстық ауруханасының директоры Абдрахманов Нүрбек, ОШ отбасылық медицина орталығының директоры Шамшиев Абдилатип, ОШ қаласымен ОШ облысы бойынша аумақтық басқармасының директоры облысы ауруханаға ат басын тіреді. Қонақтар ең әуелі қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм алып, орталықпен танысу жұмысына кірісті. Жиын барысында АЖ сөз сөйлеп, жоба мен орталықтың жұмыс барысын таныстырып, бұл жобаның ҚР бойынша ең алғашқы болып Меркі ауданында іске асып жатқанын тілге тиек етті. Келесі сөз кезегі Медициналық Ұлттық қауымдастығының президенті Төлебай Рахыпбековке берілді. Төлебай Рахыпбеков жобаның мақсаты мен міндетін сөз етіп, орталықтың пайдалы тұсын толық қамтыды. Сонымен қатар «Салауатты халық» жобасы аясында «Салауатты ауыл» атанған екі бірдей ауыл алғашқы болып Меркі ауданынан белгіленгенін де қонақтарға көзайым қылып, бұл жобаның өзге де ауылдарда жалғасатынына сенім білдірді. Келген қонақтар емхана ұжымына алғыстарын айтып, тренинг бөлмелерін қызықтап, дән риза болып тарқасты.

      Келесі жиын  жоғарыда айтып өкендей «салауатты ауыл» болып табылған Ақермен ауылында жалғасын тапты. Ұлттық нақышта киінген әжелеріміз бен бір топ дәрігерлерден құралған көпшілік келген қонақтардың аяғын қара жерге тигізбей қара жорға биімен күтіп алды. Қара жорға биі буын биі болып саналатындықтан денсаулыққа пайдасы мол екендігі де ғалымдар мен дәрігерлердің нақты тұжырымымен дәлелденген. Сол себепті ҚР Медициналық Ұлттық қауымдастығының президенті Төлебай Рахыпбеков ауыл тұрғындарына әр жұма сайын жиналып, қара жорға биін билеп тұруға кеңес берді. Әрмен қарай қонақтар мен ауыл тұрғындары Ақермен ауылдық мәдениет үйіне жиналып, салауатты өмір салтын ұстану мен аурудың алдын алу барысын талқыға салды. Алғашқы сөз кезегі Хамит Саттарқұлұлына берілді. Баяндамасын бастамас бұрын ауыл тұрғындарын «салауатты ауыл» атына ие болғанымен құттықтады. Әрмен қарай ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын ізде деген қағиданы дүйім халық ұстануы тиіс екендігін айтты. Аурудың алдын алу бағыттарымен таныстырып, ауруды емдегенше, алдын алған жөн екендігін сөз етті. Екінші сөз кезегі ҚР Медициналық Ұлттық қауымдастығының президенті Төлебай Рахыпбековке берілді. Сөзін ауыл тұрғындарын құттықтаумен бастаған Төлебай Рахыпбеков «біліңіз ұзақ өмір сүріңіз» бағытымен біршама жағдайларға тоқталды: Қоғамды тәрбиелеу үшін, салауатты өмір салтын ұстану үшін ең әуелі жас балалардан бастау керек. Себебі Қазақ елінде орта жасты 75 ке жеткізу үлкен мақсат. Бүгінгі бүлдіршіндеріміздің 75 жасқа жету мүмкіншілігі жоғары болу тиіс. Сол үшін ішімдік, темекі секілді зиянды заттарадан аулақ болғанымыз жөн. Балаларымызды бұл бәледен аулақ ету үшін өзіміз аулақ болуымыз керек. Ақылмандар кеңесі бас көтеріп, ауылды имандылыққа шақырып, дүкендерде ішімдіктің сатылуын тоқтауы тиіс. Сонымен қатар жастар арасында өзіне қол жұмсауда көп болып жатқаны бәрімізге мәлім. Соны тоқтату керек, жастарымыз махаббаттың машаһатына қалмай, дұрыс бағытта болғаны жөн. Сол мақсатта « салауатты ауыл» болып табылған осы Ақермен ауылы ҚР бойынша ең алғашқы ауыл. Бұл жоба бүкіл дүние жүзі бойынша тұңғыш рет осы Меркі ауданында жасалып отыр. Салауатты мектеп болып табылған мектептерге үлкен жұмыстар жасағалы жатырмыз. Тамақтану, қара жорға биін енгізу секілді бастамаларды енгізуді қолға алудамыз.Бұл біз үшін мақтаныш,- деп сөзін аяқтап, көпшілікті салауатты өмір салтын ұстануға, саулықта жүруге шақырды. Әрмен қарай ауылдың ақ жаулықты әжелері белсенділік танытып, өзбек биін билеп, көпшіліктің көңілінен шығып, жиын көркін қыздыра түсті. Әрі қарай Меркі аудандық орталық ауруханасының неврология бөлімінің меңгерушісі Дәулетова Гүлжамал Сатыбалдықызы өз баяндамасын оқыды. «Біліңіз ұзақ өмір сүріңіз» тақырыбында инсульттің  белгілері, оның алдын алу және алғашқы көмек көрсету бойынша ақпараттық оқыту. Демек халықты инсульт ауруына шалдықпас үшін жүрек қантамырларына салмақ салмау керек екендігін айтты. Егер шалдыққан жағдайда бірден дәрігерге көрініп, алдын алу жұмыстарын жасағаны жөн дейді. Жиын соңында Меркі аудандық орталық ауруханасының кардиолог дәрігері Урманов Фархат Мирсалиұлы «біліңіз ұзақ өмір сүріңіз» тақырыбында жедел коронарлық синдром бойынша түсіндірме жасады.

Келесі «салауатты ауыл» болып табылған екінші ауыл Аспара ауылы. Жиын одан әрі Аспара ауылында жалғасты. Ауыл тұрғындары мен бір топ дәрігерлер қара жорға биін биледі. Ауыл тұрғындарына салауатты халық жобасы мен медициналық орталықтар жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.    Меркі ауданындағы «салауатты ауыл» атына ие болған екі ауыл мен Меркі аудандық орталық емханасындағы тың дүниеге қанық болған қонақтар қазақ еліне алғыстарын жаудырып, дән риза боп тарқасты.

Меркі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі