Мәңгі есімізде!

Күнделікті дабыл бойынша шығу, өртпен, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлармен күресу өрт сөндіруші және құтқарушылар үшін күнделікті, қалыпты жағдай. Күн-түн демей жоғары әзірлекте тұрып, өртке қарсы қызметтің қызметкерлері өз өмірін қауіпке тігіп, басқа азаматтардың өмірін және мүлкін сақтау үшін өмірлерін қияды. Сондай ержүрек жандар-Бақыт Алпысбаев және Жулдызбек Есеналиев, Жомарт Сарсенбеков. Басқаларды құтқару үшін өзінің өмірін құрбан еткен батыл жандар әрдайым жақындарының және әріптестерінің естерінде мәңгі қалады. 1988 жылы 25 ақпанда Шымкент мұнай өңдеу зауытында орын алған өртті сөндіру облыстың өртке қарсы қызметінің жауынгерлік дайындығының беріктігін тексеруде үлкен сынақ болды. Бұл өртте ең қауіптісі – бұл мұнай өнімдерінің төгілуі еді. Жиырма сағаттай қызыл жалынмен арпалысқан өрт сөндірушілер бір сәтте тоқтаған емес еді, алайда 18 сағат 10 минутта жасалған барлық болжамға қарамастан оттан түзілген найзағай құйыны қатты соққан желге қарсы атыла соғып, ық жақтағы қазандыққа жақын маңда жұмыс атқарып жатқан өрт сөндірушілер тобын жауып қалды. Бұл өртте жеті өрт сөнідіруші зардап шекті: Б. Алпысбаев, Р. Анарбаев, Б. Маханов-үшеуі ауыр дене күйігі жарақатын, В. Елеусизов, К. Есимбаев, Ф. Хадиханов и Д. Битанов олардан жеңілдеу жарақат алды. Алайда бар күшті салса да Бақыт Алпысбаевты ажалдан аман алып қала алмады. Ол небәрі 25 жаста еді. Бақыт Алпысбаевты марапаттаған «Қызыл Жұлдыз» ордені оның анасы Тұрар Алпысбаеваға табыс етілді.Ал Жұлдызбек Тұрарұлы Есеналиев 2014 жылы Шымкент қаласындағы «Planta» ЖШС объектісінде орын алған өртті сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапты. Шымкенттегі Байтулы баба көшесінде орналасқан фармацевтикалық заттар қоймасынан өрт шықты деген хабарды естігенде әріптестерімен әдеттегідей қызыл жалынмен күресуге шұғыл аттанған Жұлдызбекте «қайтып оралмаймын-ау» деген ойдың болмағаны анық.Әрбір өрттің ауқымдылығына қарай әрекет ететіні анық. Дәрі-дәрмектер қоймасындағы өрт бойынша №3 рангті шақырту түскен. Жалпы көлемі 1000 шаршы метрді құраған өртті сөндіру барысында қоймадағы заттарды да жалыннан сақтап қалу мәселесіне үлкен көңіл бөлінді. Алайда, тілсіз жау қойманың қабырға плитасы бекітілген тұсты балқытып-ақ жіберген екен. Жақтауынан ажыраған қабырға плита Жұлдызбектің үстіне құлап, басып қалған… Ол көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін 3-ші дәрежелі «Айбын» орденімен қаза болғаннан кейін марапатталды. Есеналиевтердің отбасы үшін бұл екінші кайғы-қасірет. Он төрт жыл бұрын Қарағандыда қызметтік міндетін орындау барысында Жұлдызбектің үлкен ағасы қаза тапқан-ды. Екі отбасында да балалар әкесіз қалды. Есеналиев Жұлдызбектің -Алихан және Алдияр есімді екі ұлы қалды.Былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін. Бірақ, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің әрбір ісі ерлікпен пара-пар. Өзгені құтқару үшін басын бәйгеге тігетін жігіттеріміз аз емес. Олар мұны міндетіміз деп біледі.Расында да «Ақмешіт» шатқалында биіктіктен бір ер азамат құлап кетіпті деген хабар жеткенде көмекке аттанған шұғыл топ құрамындағы Жомарт Орынбасарұлы Сәрсенбековтің бар ойлағаны қиындыққа тап болған жігітті аман-есен құтқару болатын. Оның үстіне мұндай операциялардың талайына қатысып жүрген, тәжірибелі, «Жедел-құтқару жасағы» мекемесінің бас құтқарушысы, 1-сыныпты құтқарушы үшін басты міндет адам өміріне араша болу. Шатқалға жеткенде Жомарт құлаған жігітті іздейді. Шатқалдың жарқабағында тұрып, төменде жатқан ер азаматты көреді де, көмекке әріптестерін шақырып, өзі әлгі жігітті алып шығуға төменге қарай бет алады.Осы құтқару жұмыстарын жүргізу барысында Жомарт тау шатқалынан құлап, қаза тапты. Жомарт Орынбасарұлы Сәрсенбеков те бұл кезде 30-ға жаңа толған-ды. Бұл 2016 жылдың 30 мамыры болатын. Артында бес баласы қалды. Олар бүгінде әкесіне қаза тапқан соң берілген «Ерлігі үшін» медаліне қарап ерлік деген ұғымның қаншалықты қымбат екенін ұғынып, ержетіп келеді.Ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, ерлікпен қаза тапқан әріптестеріміз әрдайым біздің есімізде! Еске алып, жастарға ерліктерін дәріптеу мақсатында спорттық жарыстар, кездесулер өткізіліп, отбасыларына көмек көрсетіліп тұрады. Өздері тұрған үйлеріне тақтайшылар қойылып, қаламыздағы «Абай» саябағында ескерткіш ашылды. Бұл олардың қызметіне деген құрмет және де олар мәңгі біздің жадымызда.

А. Толтаев Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі