Нәзік жандыларға құрмет көрсетілді

Нәзік жандылар отбасының ырыс берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар, қоғамның сан түрлі саласында белсенділік таныта біледі.Бүгін аудан әкімі Н.Мақұлбеков 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай аудандағы бір топ көпбалалы аналарды салтанатты түрде қабылдап, алтын, күміс алқалармен марапаттады. Жалпы аудан бойынша 2380 көпбалалы ана бар. Олардың ішінде 936 «Алтын алқа» иесі болса, 1444-і «Күміс алқамен» марапатталғандар. Бүгін олардың қатарын тағы да 6 «Алтын алқалы» ана мен 28 «Күміс алқалы» ақжаулықты толықтырды. Мерекеде құрметке бөленген нәзікжандыларға аудан басшысы Нариман Әскербекұлы жылы лебізін білдіріп, өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.Мерекелік шара әрі қарай бір топ ардагер аналар мен ауданның дамуына үлес қосып жүрген белсенді әйелдер қауымының қатысуымен салтанатты жиынға ұласты. Ол өз сөзінде адамзат баласына өмір сыйлаған аналардың, соның ішінде бүгінгі таңда қыз-келіншектердің мемлекеттік және қоғамдық істерге белсене араласып, түрлі салада табысты еңбек етіп, ер азаматтармен бірдей мемлекеттік мекемелерде, заң шығарушы органдарда, кәсіпорындар мен қоғамдық мекемелерде қызмет атқарып келе жатқандығын айтты. Сан салада абыройлы еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жандарға жүрекжарды тілегін білдірген аудан басшысы басын иіп, құрмет көрсетті. Өз кезегінде ақ жаулықтылар да ақжарма лебіздерін білдіріп, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.

Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі