Жастар арасында отбасылық құндылықтар дәріптелді

отбасылық

Ең үлкен құндылықтардың бірі- бұл отбасы құндылықтары. Отбасы — бұл кішкентай Отан. Отанды сүю отбасыдан басталады. Адамның жеке басының қалыптасуы отбасыдан басталады. Жастарға отбасы құндылықтарын кішкентай кезінен дәріптеу қажет. Бала кезінде олар ақпаратты тез қабылдайды. Тәрбие тал бесіктен басталады дегендей балаға жастайынан ертең өскенде кім болатынын, қандай азамат болып өсетінін түсіндіру маңызды.  

Отбасының шайқалмауы, ата-аналардың өз ұл-қыздарына үлгі-өнеге көрсете білуі отбасы мүшелері арасындағы татулық пен түсіністік өзара жан жылуы бақытта отбасы атануға апаратын жолдың басы. Әйтсе де өмірде «Шыны аяқ» сылдырлап қалатын жәйттер де кездеседі. Түкке тұрмайтын кикілжіңге бола ерлі-зайыптылардың ажырасу деректері де орын алып жүргені мәлім.

Шымкентте отбасы құндылығын дәріптеу мен жастар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен кездесу өтті.

Индустриалды-техникалық колледжінде өткен кездесуге Шымкент қаласының «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі Қалдар Жұмабайқызы және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің инспекторы Әлім Арайлым қатысты.

Спикер отбасы құндылықтарына тоқталып, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің қауіп-қатерімен бөлісті. Кездесуде шалыс басып, өткеніне өкінішпен қарайтын қыздардың ғұмырын алға тарта отырып, мысалдар келтірді. Сонымен қатар, «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі мекеменің жұмысымен таныстырды.

Еліміздің болашағы бала тәрбиесінде отбасылық құндылықтарды, ұлттық тәлім-тәрбиені дұрыс насихаттау арқылы жүзеге асады. Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру.