Полицейлер ардагерлердің үйіне барып, мерекемен құттықтады

«Қариясын қадірлеген ел ардақты» — дейді дана халқымыз. Үлкенге құрмет көрсету — әрбір қазақ баласының міндеті. Осындай міндетті өзіне борыш санайтын полицейлер әрбір өлкемізде бар. Мереке қарсаңында Түркістан облысы ПД ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы Оспанғазы Жанқожаев ағамыздың бастамасымен, Түркістан облысы ПД ардагерлер бастауыш ұйымының хатшысы Асылбек Ибраев, Сауран аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Дауыл Панзабеков, полиция майоры Бауыржан Жаутиков және Сауран ауданы полиция бөлімінің ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы Абсемет Амантуров Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестірілген Дүйсенбаев Сәрсенбай атамыздың үйіне барды. Шара барысында ардагер ақсақалдың еңбектерін елеп, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің атынан құттықтау хат пен бағалы ақшалы сыйлықтар табыстап, жылы лебіздер білдірді. Ақсақал жұбайы екеуі 5 қыз, 1 ұл өсіріп тәрбиелеген. Қазіргі таңда сол өсірген ұл-қыздарынан 22 немере, 43 шөбере сүйіп отыр. Іс-шара соңында ардагер атамыз бен оның жұбайы Түркістан облысы ПД мен Сауран ауданы полиция бөлімінің полицейлеріне алғыстарын айтып, атқарып отырған жұмыстарының алға басулары үшін ізгі тілектерін жеткізді.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі