Полиция департаментінің бастығы өткен жылғы жұмыс қорытындысы бойынша есеп берді

Ағымдағы жылдың 30-наурызында Шымкент қаласы әкімдігінде қалалық Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қ.С.Дәлбеков 2021 жылдың 12 айындағы жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындылары және алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы есеп берді. Генерал-майор Қайрат Дәлбеков өз есептік баяндамасында: «Қала бойынша тіркелген ұрлықтардың жалпы саны 12,0 пайызға төмендеп, ашылымы 1,3 пайызға артты. Полицейлердің осы орайда «Көрші бақылауы» жобасы іске асырылып және бұл бағыттағы атқарып жатқан еңбектерін айтып өтті. Оған қоса, қазіргі таңда біздің бақылауымызда 3868 бейнекамера жүйелі іске қосылған. Олардың көмегімен 307 қылмыс ашылып, 74 мың 155 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталғаны турасында толығырақ баяндады. «Бүгінде интернет алаяқтықтар бойынша 281 қылмыстық іс тіркеліп, оның 34 ісі сотқа жолданған, 181 іс тергелуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, интернет алаяқтық қылмысты жасаған 5 адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды, күдіктілердің 3-уі қамауға алынды, 2 күдіктіге іздеу жарияланды. Қазіргі таңда 20-дан астам қылмысқа қатысы бары дәлелденді»,-деді мегаполистің бас полицейі. Сондай-ақ, есірткі қылмыстары бойынша ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев өз жолдауында еліміздегі қазіргі уақытта жастар арасында есірткінің түрлерінің қолдануы өршіп бара жатқанына аландаушылық білдіріп, құқық қорғау органдарына есірткі қылмыстарын алдын-алу бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осы орайда, 2021 жылдың 12 айында қала бойынша есірткіге қатысты жалпы 350 құқық бұзушылықтар анықталған.Бұдан өзге, есірткі сайттарын үйлер мен ғимараттардың қабырғаларына граффити-сурет салу арқылы жарнамалау деректері орын алуда. Нәтижесінде, 745 есірткі сайттары жарнамаланған мекенжайлар анықталып, жойылды. Осы орайда «Нашақорлыққа жол жоқ» деген профилактикалық іс-шарасы жүйелі түрде өткізіліп келетіндігі екшелді. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Сондай-ақ балаларға, соның ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қарсы жыныстық қылмыстарды алдын-алу және оның жолын кесуді ерекше бақылауға алуды тапсырды. Тапсырмаға сәйкес, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қала аумағында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Абайлаңыз балалар» атты профилактикалық іс-шаралар күнделікті өткізілуде. Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде, ағымдағы жылдың 12 ай қорытындысымен кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 26,7%-ға, қылмыс жасауға қатысқан жасөспірімдер саны 48,1% -ға төмендеген. Сондай-ақ, қаладағы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 152 мектепке бейнебақылау камералары қойылып, оларды департаменттің Жедел басқару орталығына шығару жұмыстары білім басқармасымен бірге атқарылуда. Ал, «SOS» дабыл нүктесі барлық мектептерге орнатылып, бұл бағыттағы жұмыс бақылауда екендігіне ерекше тоқталды. Сөз соңында, Қайрат Дәлбеков: «Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың халыққа Жолдауында атап өткендей, «Полиция қызметінің сервистік модельге көшуі – басым бағыттардың бірі». Яғни, халыққа сапалы қызмет көрсетуге және қауіпсіздік мәселелерін қоғаммен өзара серіктестікте шешуге баса көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте, біз тәртіп сақшылары – азаматтарға сапалы полиция қызметтерін көрсетіп, халықпен тығыз байланыс жасай отырып, қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстар атқарудамыз. Басты қағида: Полиция – қашанда елдің қорғаны. Қоғамның тынышы мен тынысын бақылаушы ретінде полиция қызметінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, қоғамның полиция қызметіне деген сенімін жоғарылата отырып бұқарамен жақындастыру, қазақстандық патриотизмді насихаттау – негізгі мақсатымыз. Дәл осы бағытта аянбай қызметімізді жалғастыратын боламыз», -деп атап өтті.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі