Полиция подполковнигі Жан Мамыров: «Әрбір істің артында адам тағдыры тұр»

«Полиция қызметкері білімді де, білікті болуы керек» — дейді полиция подполковнигі Жан Мамыров. — Себебі, әрбір істің артында адам тағдыры тұр. Сондықтан тәртіп сақшысына білім де, білік те, білек те керек. Тәжірибе мен сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды, — дейд ол.Тәжірибелі тәртіп сақшысы бүгінгі күні Бәйдібек АПБ бастығының кадр ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Жеке құраммен жұмыс атқару барысында көптеген нұсқаулықтарды қолданады. Әсіресе, тәрбиелік маңызы бар іс шараларды көптеп өткізуге баса мән береді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу барысында да семинарлар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп отырады. Нәтижесі де жақсы. «Бәйдібектік полиция қызметкерлері өздерін әрдайым жақсы жағынан көрсетіп келеді. Ауданда теріс қылық, заңсыз әрекетпен жұмыстан босаған полиция қызметкерлері жоқ. Қазіргі кезде баршасы қоғамның тыныштығы жолында күндіз – түні қызметін жалғастырып келеді. Нәтижесінде ауданда тіркелген қылмыстар азайып, ашылуы артуда» — дейді ол.Жан Бақытжанұлы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Жергілікті жерде білім алған соң, Шымкенттегі Орта Азия университетінде «Құқықтану» мамандығын меңгерді. Ал ішкі істер саласындағы еңбек жолын 2003 жылы Ақмола облысы Көкшетау қаласында анықтаушы болып бастады. Кейіннен заң бөлімінде, облыстық полиция департаменті штаб басқармасында абыройлы еңбек етті. 2019 жылы Бәйдібек АПБ бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды. Арада өткен екі жылда білікті полицей жеке құрамның жан жақтылығын арттырып, жақсы жағынан көрсете алды.«Кәсіптің жақсысы, жаманы болмайды. Полиция қызметкерлерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі полиция қызметкерлерінің басты ұстанымы –берген антына берік болу, қызметінде таза болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдау. Ал бұл кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Өмір деген қателесу мен қателігіңді түзеуден тұрады», — дейді тәртіп сақшысы.Жан Бақытжанұлының әкесі де полиция қызметкері болған. Капитан шенінде абыройлы еңбек еткен. Ал әке жолын жалғаған ұлы бүгінде полиция подполковнигі. Өз ісінің білгірі, білікті де білімді басшы. «Кішкентай кезімізде әкемізге қарап өстік. Шен тағып, форма киіп жұмысқа кеткенде бізде үйде полиция болып ойын ойнайтынбыз. «Тәртіп сақшысы боламыз» деп армандадық. Арманымыз келе келе үлкен мақсатқа айналды. Бүгінде ішкі істер саласында қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын» — дейді полиция подполковнигі.Тәжірибесі мол тәртіп сақшысы еңбек жолында көптеген қылмыстық оқиғалардың ашылуына ұйытқы болған. Қоғамның тыныштығын бұзып, тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп, зиян келтірген алаяқтармен қылмыскерлерді құрықтап, қылмыстардың алдын алды. Бұл қызметі үшін басшылық тарапынан, жергілікті әкімдік пен мәслихат аппараты атынан мадақтамалар мен алғыс хаттарға ие болды. Бүгінде Жан Мамыровтың бір қыз, екі ұлы бар. Жұбайы жеке фирмада қызмет етеді. Жайдары жұп бос уақыттарын бала тәрбиесіне арнайды. Бірге қыдырып, тағылымы мол кітап оқиды, кино көреді.