Профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Құқықбұзушылық – заңды жауапкершілікке алып келетін құқыққа қарсы әрекет. Қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі кезде өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру арқылы оларды дұрыс жолмен жүруді үйретеміз. Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында  құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру  өте маңызды. Сонымен қатар бүгінгі таңда есірткі қылмысы мен нашақорлық мәселесі өте өзекті. Қазір жастар арасында синтетикалық есірткі көп тараған. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1-қыркүйектегі Қазақстан Халқына жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіріп отырғанын, уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастағанын, соған байланысты синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс екендігін атап көрсетіп, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресу жұмыстарын жандандыру тапсырылған.Осы дерттің алдын алу үшін құқық қорғау органдарына тапсырмалар жүктелген.

08.11.2022 жылы «Мирас» колледжі мекемесінде «Жастар арасындағы зорлық-зомбылық, суицид, алкоголизм және нашақорлық, қылмыстар мен құқық бұзушылықтар» тақырыбында профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл түсіндірме жұмыстың негізгі мақсаты әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, оны жою, бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмыстарды жүзеге асыруға бағытталған жүйені таныстыру. Азаматтардың полицияға деген сенімін арттыру, сондай-ақ сенім телефондары мен дағдарыс орталықтарының бар екені туралы ақпарат жеткізу болды. Сонымен қатар «Сана сезім әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінен Енипеева Э., Сағынбек С. Заңгерлері келіп, өз түсіндірмелерін жүргізіп қайтты. Бұл жобаға қатысқандар: Шымкент ҚПД Абай аудандық, АПБ ЖПҚ ЮПТ полиция-майоры Мухина И., полиция подполковнигі Қарабаева Айнұр болды.