Республикалық ашық турнир бастау алды

Қазақстан Республикасының «Қаржы, салық саласы қызметінің үздігі», Сайрам ауданының құрметті азаматы, кәсіподақ мүшесі, «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ Түркістан облысы бойынша филиалының төраға орынбасары Лесбай Қозбаховтың жүлдесіне арналған еркін күрестен 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында Республикалық ашық турнир бастау алды.

Турнирге шақырылған қонақтардың қатарында болған «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі дәстүрлі турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алып, «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту — салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты болып табылады. Республикалық деңгейдегі осындай турнирлер жас балуандардың тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауына үлкен мүмкіндік береді. Бүгінгі жарыста бағы мен бабы келіскен спортшылардың жеңіске жетуіне тілектеспін» деп Лесбай Қозбаховтың қызметтегі жетістіктеріне тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Биыл он бірінші мәрте жалауын көтерген республикалық турнирге еліміздің барлық облыстарынан және Өзбекстан Республикасынан келген жасөспірімдер үш күн бойы боз кілемде бақтарын сынамақ.