Сала жетекшілерімен алқа отырысы өтті

Түркістанда аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдері мен Жастар ресурстық орталықтары басшыларының қатысуымен алқа отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиынға денсаулық сақтау, мәдениет, білім саласына жауапты басқарма басшылары да қатысып, әлеуметтік сала, мәдениет, денсаулық, жастар, білім салаларындағы мәселелер жан-жақты талқыланды.

Жиынды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев жүргізіп отырды. Алдымен Қоғамдық даму басқармасы басшысы орынбасарларының қоғамдық-саяси жағдай, идеологиялық және ақпараттық жұмыстар жөніндегі есептері тыңдалды. Сонымен бірге Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев халықтың денсаулығын жақсарту бағытындағы ақпараттық жұмыстарды бірлесіп атқаруға шақырды.

Облыс әкімінің орынбасары әкім орынбасарлары мен бөлім басшыларына өздеріне жүктелген жұмыстарды жандандыру, халықтың талап-тілегі мен өтініштеріне жедел үн қату, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізу жөнінде тапсырмалар берді.

– Бүгін сіздерді арнайы шақырып отырмыз. Мақсат – атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларды пысықтау. Аймақтардағы өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, тиісті жұмыс атқару – уақыт талабы. Жұмысқа деген көзқарасты өзгерту керек. Барлық мемлекеттік мекемемен тығыз байланыста жұмыс істеп, белсенділікті арттырған жөн. Аудандағы іс-шаралардың мазмұнын жақсартып, елге пайдалы, жастарға берері мол жобаларға қолдау көрсетіңіздер, – деді Бейсен Тәжібаев.

Жиын барысында әрбір аудан, қаланың осы саладағы көрсеткіштері, кемшіліктері ашық айтылып, тапсырмалар мен ұсыныстар берілді. Аудан, қала әкімінің орынбасарлары мен ішкі саясат бөлімінің басшыларының есептері тыңдалды.

Алқа отырысында мемлекеттік бағдарламаларды елге түсіндіру, ақпараттық саясатты тиімді жүргізу, қоғаммен кері байланысты жақсарту, жастар саясатын жандандыру, жастарды қолдау жөнінде міндеттер жүктелді. «Серпін» бағдарламасын насихаттау, солтүстік өңірлерге көшті күшейтуге үлес қосу, NEET санатындағы жастарды әскерге баруға үгіттеу, оларға әскерге бару арқылы тегін оқумен қамтамасыз етілетінін түсіндіру бойынша тапсырмалар бақылауға алынады.

Ономастика, этносаралық келісімді сақтау саласындағы жұмыстар тұрақты атқарылады. Ана мен бала құқығын қорғау, оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау, «Артспорт» бағдарламасын жүзеге асыруда жаңа ұсыныстар енгізу жайы да сөз болды.

Сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдерімен тиісті жұмыс жүргізу және өзге де мәселелер бойынша тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі