Сарыағаш ауданында өткен жылы мас халде көлік басқарудың 100-ге жуық жайты тіркелген

Бұл жайында Сарыағаш ауданының бас полицейі айтып өтті. Нақтырақ айтсақ, Сарыағаш ауданында 2021 жылдың 12 айында атқарылған жедел қызметтік жұмыстарының қорытындысы бойынша, Сарыағаш АПБ-нің бастығы полиция полковнигі Аман Бурханов халыққа онлайн режимде есеп беру жиынын өткізді. Басшы өз баяндамасында: «Сарыағаш ауданы бойынша қылмыс санын азайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы құқық бұзушыларға 2021 жылы 20 000-ға жуық әкімшілік хаттама толтырылған. Жол-көлік оқиғалары туралы айтсам, өткен жылмен салыстырғанда 47,6%-ға төмендеген. Мас халде автокөлік басқарған тұлғаларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен 96 әкімшілік хаттама толтырылып, Сарыағаш ауданы мамандандырылған әкімшілік сотына жолданған. Ел болашағы – жастардың қолында десек, жасөспірімдермен болатын қылмыстарға тосқауыл қою бағытында да жүйелі жұмыстар жасалуда. Мәселен 2021 жылы 49 жасөспірім, 24 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке алынып, олармен сауықтыру жұмыстары жасалған. Түнгі уақыттарда Сарыағаш ауданы прокуратурасы, Білім беру мекемесі, Жастар орталығы, Жас-отан жастар партиясының және Сарыағаш қалалық және ауылдық әкімдік қызметкерлерімен, рейдтік жұмыстар ұйымдастырылған. Бұл мобильдік топтар жасөспірімдер жиналатын орындарды, яғни стадион, саябақ, ойын-сауық мекемелері, компьютер клубтарында күнделікті бақылау жүргізіп, іс-шаралар атқарып келеді. Баяндамамның соңында, Сарыағаш АПБ-нің жеке құрамы қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күресуде өздеріне міндеттелген жұмыстарды жауапкершілікпен орындауға қабілеті толық жететінін сеніммен айтамын. Және баршамыз бірге «Қылмыссыз қоғам» құруда қызмет етейік!»-деп атап өтті.

ТО ПД баспасөз қызметі