Сауранда мерекеге орай тәуелсіздікке үлес қосқан азаматтар мен көпбалалы аналар марапатталды

Сауран ауданында мереке қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев желтоқсан оқиғасына қатысушыларды тәуелсіздік күнімен арнайы құттықтап, аудан әкімінің алғыс хатымен сый-сияпатын табыс етті. Сонымен қоса, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері құрметке бөленді.
– Тәуелсіздік күні – ғасырлар бойы азаттық аңсаған халқымыздың өшкені жанып, ең асқақ арманы орындалған күн. Тәуелсіздікке ұмтылыс қашан да кедергі мен күреске толы болғаны баршаға аян. Осы ауыр жолда тағдырдың талай сынағына төтеп беріп, бостандық үшін күреске бар ғұмырын арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын мереке, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Жиында аудан бойынша 12 батыр ана марапатталды. Оның 5-і «Алтын алқа», 7-сі «Күміс алқа» иегері. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне төсбелгілер мен куәліктер табысталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі