Сенат депутаттары Шымкенттегі бірнеше нысандарда болды

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Айгүл Қапбарова мен Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келіп, қаланың құрылыс, білім және денсаулық саласы бойынша бірқатар нысандарды аралады. Депутаттар алдымен Тұран шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үй құрылысымен және бас жоспарға сәйкес инженерлік жүйелермен танысып, осы ауданнан өздеріне түскен арыз-шағымдарын жеткізді.–Миллионды қала атанғалы тұрғын үйге сұраныс артып келеді. 42 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтың баспаналы болуы алаңдатады. Шаһар басшылығының 2021 жылы 500-ден астам көпбалалы отбасыға, 600-ден астам әлеуметтік осал топқа пәтер беріледі деген уәдесін алдық. Яғни, биыл 1000-нан астам пәтер кілті тапсырылады. Пандемияға қарамастан Шымкент қаласында құрылыстың қарқыны тоқтаған жоқ. Ипотекалық үйлердің саны көбейген. Құрылысшылармен кездесіп, сапаға мән беруін тапсырдық. Тұрғындар айтқан жалпы олқылықтардың бәрі жойылыпты, — деді Айгүл Жарылқасынқызы. Одан кейін жұмыс тобы «Әл-Фараби» атындағы жеке меншік мектепке барды. Айта кету керек, Шымкенттегі бұрын мейрамхана болған «Оңтүстік қабылдау үйі» алғашқылардың бірі болып жеке меншік мектепке айналған болатын. Мұнда қазіргі кезде 1300 бала білім алып жатыр екен. Осы орайда, Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева Парламент депутаттарына мегаполистегі жалпы білім беру ұйымдарының жағдайын баян етіп және биыл 32 мектептің құрылысы жүріп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Ж. Тажиеваның айтуынша, шаһарда 35 жекеменшік мектеп бар, оның 29-ы балаларды ақысыз оқытып жатыр. Қалған 6-ы ақылы. Бұдан бөлек, 14 үш ауысымды, 1 апатты мектеп бар. 32 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 20-сы пайдалануға берілді. Төртеуі мемлекеттің, қалған 16-сы инвесторлардың есебінен салынып жатыр. Алдағы бес жылдықта жаңадан 72 мектеп салып, 68 500 орынмен толықтыру жоспарланған.Білім нысандарымен танысып жүрген Сенат депутаттарына басқарма басшысы «Үкімет бекіткен №64 қаулыға сәйкес «мемлекеттік білім ұйымдарының балалары ыстық тамақпен 1 рет қамтамасыз етіледі» деген жолдағы «мемлекеттік» деген сөзін алып тастаса, жеке меншік мектептегі балалар да ыстық тамақпен қамтамасыз етілген болар еді» деген ұсынысын да жеткізді. Бұдан әрі жұмыс тобы №2 қалалық ауруханаға болды. Былтыр ғана толық жөндеуден өткен заманауи құрылғылармен жабдықталған ауруханаға депутаттар өз бағаларын берді. Айта кетейік, инсульт орталығы және жүрек-қан тамырлары ауруларын дер кезінде анықтайтын ангиограф аппараты да Қазақстан бойынша тек осы ауруханада бар. –Ангиограф – соңғы заманауи аппарат. Бағасы да қымбат, 800 миллион тұратын құрылғы күн сайын қаншама шымкенттіктің өмірін инсульттан сақтап қалуда. Әр түрлі позицияда түсіретін «Аполло»рентген аппараты да еліміз бойынша бізде ғана бар. Бұл құрылғылардың бәрі де мемлекеттің медициналық сақтандыру бағдарламасы бойынша тегін қызмет көрсетеді, — деді денсаулық саласын сөз еткен қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.