Созақтық түлектер ерекше тарту жасады

Созақ ауданы, Тасты ауылының Абай жалпы орта мектебінің түлектері туған жер алдындағы парызын ұмытқан емес деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ұрпақ сабақтастығы биыл да жалғасып, Абай атындағы жалпы орта мектептің 2001 жылы бітірген түлектері ел игілігі үшін ұмытылмас іс жасап, көпке үлгі болды. Ауылдың орталық Наурыз және Абай көшесіне түлектердің қаржысымен жарықтандыру жұмыстарын жүргізді. Ұзындығы 1,3 шақырымды құрайтын жарықтандыру, түнгі Тасты ауылының сәнін келтіріп тұр. Алдыңғы толқын ағаларының жолын үлгі еткен осы ауылдың 2011 жылы мектеп бітірген түлектері туған жерге тарту жасады. Латын тілінде жазылған «жүрекше TASTY» (Мен Тастыны сүйемін) мағынасында монументін тарту етті. Көлемі (10х8) метірді қамтыған монумент Абай және Қажымұхан көшелерінің қиылысына орнатылды. Арнайы қоршаумен қоршалып, жарықшамдар қойылды. Туған жерді түлетуге атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірген ауыл округ әкім Манас Тлеулинов құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімі Салыхан Полатовтың алғыс хатын табыстады.