Соғыс және еңбек ардагері Дүйсенбаев Әбіш Есдәулетұлы атына көше берілді

Бүгін аудан әкімі Нариман Мақұлбековтың қатысуымен соғыс және еңбек ардагері Дүйсенбаев Әбіш Есдәулетұлының атына берілген көшенің ашылу салтанаты өтті.Көшенің ашылу салтанатына Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» қаржы саласының еңбек сіңірген ардагері Дайрабай Ысқақұлы, Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, Әбіш Есдәулетұлының бауыры Төлебай Көпешов, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.Аудан басшысы Нариман Мақұлбеков соғыс және еңбек ардагері Дүйсенбаев Әбіш Есдәулетұлының атына берілген көшенің ашылуымен құттықтады.Бар елдің елдігін көксеп, бірлігі мен ынтымағын ту етіп, еңбектің көрігін қыздырған еңбек ерлері Шиелі топырағында баршылық. Бүгін фашистік Германиямен болған алапат соғыста қолына қару алып, отанын қорғаған, соғыстан кейінгі жылдары ауданымыздың дамуына нығаюына адал еңбегімен үлес қосқан азаматымызды құрмет етудің шарасын өткізудеміз. Сондай ардақты азаматтарымыздың бірі Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер-жауынгер, ауданымызға елеулі еңбек сіңірген – Әбіш Дүйсенбаев. Әбіш Дүйсенбаев ағамыз 1926 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Бидайкөл ауылдық советінің № 22 бекетінде шаруа отбасында дүниеге келген. 1943 жылы 17 жасында кеңес әскер қатарына алынып, майдан даласында Украйна-Бердичев, Кривоград, Корсунь – Шевченко, Ровно-Луцк, Карпат тауларының етегімен жүріп Румыния жерін фашистерден азат еткен. 1945 жылдың наурыз айында Чехословакияны жаудан азат етудегі шайқаста оң жақ аяғынан ауыр жарақат алып, дәрігерлердің майданға жарамсыздығы жөніндегі шешімімен елге қайтарылады. Майдан даласындағы сұрапыл шайқастарда от пен оқтың арасында өзінің ержүректілігін көрсете білген Әбіш Дүйсенбаев ағамыз II-дәрежелі даңқ орденінің ковалері, «Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісіне» арналған бірнеше мерекелік медаль және басқа да орденімен және көптеген медальдармен марапатталады. Елге оралғаннан кейін жас кезінен білім алуға зеректігі ерекше болған Дүйсенбаев Әбіш Есдәулетұлы 1950-1952 жылдар аралығында Алматы қаласындағы заң мектебіне оқуға түсіп білім алып, 1952 жылдан аудандық халық сотында сот орындаушы қызметінен бастап, біраз лауазымдық қызметтер атқарған.1960-1965 жылдары аудандық «Жол жөндеу» (ДЭУ-532) мекемесінде, 1965-1978 жылдар аралығында «Казсельхозтехника» мекемелерінде басшылық қызметтерде болған. 1978-1983 жылдары Шиелі аудандық «Астық өнімдерін тарату» мекемесінде қойма меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып зейнеткерлікке шықты. Ағамыз қай жұмыста болмасын біліктілікпен атқарып халық құрметіне бөлене білді, – деді аудан басшысы.Еңбек және соғыс ардагері Әбіш Есдәулетұлы Дүйсенбаевтың өнегеге толы өмірі мен қажыр-қайратының, Сыр елінің, оның ішінде Шиелі ауданының өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесінің құрметіне жаңадан ашылған «Шұғыла» мөлтек ауданынан бір көшенің аты берілуі, өскелең ұрпақ пен болашақтың еншісіне қалдырылған мәңгілік мұра болып қалары анық.

Шиелі ауданы әкімдігі