Спирттік ішімдік алу үшін көршісінің затын жымқырған

Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның бірі аккумулятор ұрлығы бойынша арызданды. Ер адамның айтуынша, күндізгі уақытта белгісіз біреу оның «AUDI 100» маркалы көлігінен аккумуляторды жымқырып кеткен.

Аталған факті ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп іс қозғалды.

Оқиға орнына шыққан тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу үшін қажетті іздестіру шараларын жүзеге асырды. Нәтижесінде полицейлер бір тәулік ішінде күдіктіні анықтады. Ол жәбірленушінің 26 жастағы жұмыссыз көршісі болып шықты.

Анықтау барысында, күдікті ер адам бөтеннің мүлкін сатып, араққа айырбастаған. Бүгінде тәртіп сақшылары қолды болған аккумуляторды тәркілеп, өз иесіне қайтарды. Қазіргі таңда күдіктінің қылмысы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі