Тәртіп сақшылары оқушыларға сабақ өткізді

Келешек ұрпақтың құқыққа қайшы әрекеттер жасауға жол бермеу үшін жасөспірімдер мен ата-аналар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру керек. Осы орайда арнайы жүйелі құрылған жоспарлар бойынша әрбір жеткіншекке, әрбір ата-анаға: Қазақстан Республикасының  «Бала құқықтары туралы» Заңы, Салауатты өмір салтын құқықтық қорғау үшін Қазақстан Республикасының «Шылым шегуге қарсы күрес туралы», «ЖИТС аурының алдын алу туралы», «Алкогольге қарсы күрес туралы»  Заңдары бойынша арнайы түсіндірме жұмыстары жасалынып, құқықтық жалпы оқыту қоғамдық пән мұғалімдерінің жетекшілігімен ақпараттық-насихаттық лекторлық топтарымен сауаттылықтарын арттыру керек. Сонымен бірге отбасында баланы қалай тәрбиелеу керек, қазіргі қоғамдағы балаға ең қажетті не нәрсе екендігін айқын көрсететін бағдарламалар жасалынып, клубтар жұмыс жасаса өз жемісін берері белгілі.

Интернет билеген заманда түрлі жағымды-жағымсыз жаңалықтар айналамызды қоршағанда әркім өзіне керегін таңдап алуы керек. Бірақ жасөспірімдер бұл жағын ескермесі белгілі, сол себепті баламыз ғаламторда отырғанда да қандай да болмасын әлеуметтік желіні пайдалануда да бақылау болуы керек. Қоғамға қауіп төндіріп тұрған дінімізге қайшы жат ағымдар да осы әлеуметтік желі арқылы жымысқы ойларын іске асырып, оған жасөспірімдерді де араластырып жатыр. Сол себепті әрбір ата-ана балаға белгілі бір шектеу қойып, бақылау жасап отырса бала әлеуметтік желінің тек пайдалы тұсын тұтынары анық.

Кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласындағы №89 мектепте оқушылармен кездесу өтті.

Іс-шарада Қаратау АПБ ЖПҚБ Ювеналды полиция тобының инспекторы полиция майоры Бағдат Танкишев пен полиция аға лейтенанты Шыңғыс Ержанов балаларға құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша сабақ өткізді. Жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылықтың алдын алу, темекі оның ішінде электронды шылым және сабаққа кешігу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, түнгі уақытта, яғни, сағат 22:00-ден кейін ойынхана мен кафе, кинотеатр мекемелерде ата-анасының қарауынсыз жүрген жағдайда айыппұл төлейтіндері туралы ескертті. Тәлім мен тәртіптің маңыздылығын кеңінен талқыланып, қылмыс пен құқықбұзушылықтар үшін қарастырылғанын жауапкершілік түрлері түсіндірілді.

Кездесу аясында полиция майоры қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайлы сөз қозғады. Жиынға қатысқан оқушылар мен ұстаздар қонақтарға өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды нақты жауаптар алды.