Таразда жаңа оқу жылында бірнеше мектеп пайдалануға беріледі

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын кезекті рет аралап, құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысын тексерді деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігі Баспасөз орталығы.

Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтың жанында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Анаға тағзым» орталығы бой көтеруде. Үш қабатты ғимараттың құрылысын «Елім – Строй» ЖШС жүргізуде. Мердігер компания нысанды осы жылдың күзінде тапсыруды жоспарлап отыр.

Мұнда нәзік жандыларға арналып түрлі курстар ұйымдастырылып, оларға құқықтық және психологиялық көмектер көрсетілетін болады. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер үшін тренингтер, қолөнер бөлмелері жұмыс істейтін болады. Ғимараттың алдында аналардың құрметіне арналып ескерткіш орнатылмақ. Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов ескерткіш жергілікті мүсіншілердің қолынан шыққанын атап өтті.

Облыс әкімі нысанның ішкі безендіру жұмыстарын ұлттық нақышта жүргізуді тапсырды.

Тараз қаласының мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының орнында жақында оқушылар сарайы ашылмақ. Қазір 600 орындық тағы бір корпустың құрылысы жүруде. Оның құрылысымен «Тараз құрылыс инвест» ЖШС айналысуда. Жаңа ғимараттың жалпы ауданы 9,3 мың шаршы метрді құрайды.

Ал, орталықтың ескі ғимаратының өзі жөндеуден өтеді. Жұмыс істеп тұрған үйірмелерден бөлек, кемелерді модельдеу, ұшақ модельдеу, робототехника, IT орталығы, планетарий, обсерватория үйірмелері ашылады.

Бердібек Сапарбаев құрылыс жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанына назар аударып, құрылыс басқармасына бақылауды тапсырды.

№ 2 орта мектептің апатты ғимараты бұзылып, оның орнына жаңа ғимарат салынуда. Мердігер мекеме – «Талас Құрылыс» ЖШС. Өңір басшысы мектептің жаңа оқу жылына дейін тапсырылуы тиіс екенін атап өтті.

Бердібек Сапарбаев ат басын бұрған келесі нысан №22 орта мектепте де 600 орынды жаңа корпустың құрылысы бой көтеруде.

Мектеп директоры Шолпан Диханбаева құрылыс аяқталғаннан кейін қазақ тілді сыныптар санын арттыруды жоспарлап отыр.

Сол секілді Шалғай Қарасу массивінде 600 орынды жаңа мектеп салынуда. Мердігер – «ТемірСтройСервис» ЖШС бекітілген кестеден кешігуде. Бердібек Сапарбаев құрылысшылар жұмысты тезірек аяқтау үшін бар күш-жігерін салуы керектігін баса айтты. Өңір басшысы авторлық және техникалық қадағалауға да көңіл бөлді.

Облыс әкімі мектеп аумағын абаттандыруға ерекше назар аударуды және дәліздерді мотивациялық және танымдық суреттермен безендіруді талап етті.