Таразда 180 отбасы баспаналы болды

Конституция күніне орай 15 ықшамауданда 180 пәтерлі 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, пәтер кілттерін тапсырды деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігі Баспасөз орталығы.

Жиында Конституция күнімен құттықтаған аймақ басшысы баспана мәселесіне қатысты облысымызда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтті.

– Бүгін баршамыз мемлекеттігіміздің берік іргетасы – Конституция күні қарсаңында қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Осынау оңды істердің барлығы әлеуметтің әлеуетін әлді ететін ауқымды шаралардың жарқын көрінісі. Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында барлығы 50 көпқабатты (3 мыңға жуық пәтер) тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспалануда, — деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Пәтер кілтіне ие болған тұрғындар атынан сөз алған Жазира Байкулова көпшілік атынан алғысын жеткізді.