Тауар таңбаларын құқықтық қорғауға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді

31 наурыз күні зияткерлік меншік құқығы бөлімінің қызметкерлерімен волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы жоспарына сәйкес, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында, азаматтарға тауар таңбаларын құқықтық қорғау туралы түсіндірме беріліп, жадынамалар таратылды. Қазақстан Республикасында тауар белгілерін құқықтық қорғау, Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі №456 «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңында белгiленген тәртiпте оларды тiркеу негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына орай тiркеусiз берiледi. Тауар белгілерін құқықтық қорғау жеке немесе заңды тұлғаларға берiледі. Тауар белгісіне айрықша құқық тауар белгісі Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген күннен бастап туындайды. Тауар белгісіне құқық куәлiкпен куәландырылады және Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінен үзінді көшірмемен расталады. Куәлiктiң нысанын уәкiлеттi орган белгiлейдi. Тауар белгісінің иесi куәлiкте көрсетiлген тауарлар мен қызметтерге қатысты өзiне тиесiлi тауар белгісін пайдалану мен оған иелiк етудің айрықша құқығына ие болады. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгісін оның иесiнiң келiсiмiнсiз ешкiм де пайдалана алмайды. Тауар таңбасы ретiнде бейнелеу, сөз, әрiп, цифр, көлем белгiлерi және өзге де белгiлер немесе бiр тұлғалардың тауарлары мен қызметтерiн басқа тұлғалардың бiртектес тауарларынан немесе қызметтерiнен ажыратуға мүмкiндiк беретiн олардың аралас үлгiлерi тiркелуi мүмкiн. Тауар таңбасы кез келген бояулы түсте немесе бояулы түстер үйлесiмiнде тiркелуi мүмкiн.

Түркістан облысының Әділет департаменті