Тағайындау

ҚР ІІМ келісімі бойынша Түркістан облысы Полиция департаментінің бұйрығымен Жетісай аудандық полиция бөлімінің бастығы лауазымына полиция полковнигі Әділбек Әбдірайымұлы Сапарбеков тағайындалды.

Полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков ішкі істер органдарында 1994 жылдан бері қызмет етіп келеді. Білімі жоғары, заңгер. 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Қызметін патрульдік-бекеттік қызмет взводының милиционері, одан кейін Жетісай ауданы ІІБ жедел басқару бөлімшесінің инспекторы болып бастады. Одан әрі Мақтарал ауданы ІІБ және 1-ПБ, 2-ПБ түрлі жедел және басшылық лауазымдарында жұмыс жасады. Ал 2018 жылдан бастап Түркістан облысы ПД Мақтаарал аудандық ПБ бастығының орынбасары қызметін атқарды.

Түркістан облысы ПД бастығының м.а. полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков жаңа басшыны Жетісай аудандық полиция бөлімінің жеке құрамына таныстырып, жұмысына табыс тіледі.

ТО ПД баспасөз қызметі