Тағылымы мол кездесу

Жуырда, «Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Абдурайра Манахов «Қалың қалай бастауыш ұйым?» акциясы аясында, «Түркістан облысы «Созақ ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Шолаққорған-су» МКК-ның бастауыш кәсіподақ ұйымында арнайы кездесу өткізді.

Жиынның ерекшелігі оған ұжым қызметкерлерінен бөлек, су шаруашылығы саласының еңбек ардагерлері мен зейнеткерлерінің қатысуы болды.

Ашық диалог түрінде өткен кездесуде кәсіподақ мүшелері мен ардагерлері еңбек ұжымындағы толғандыратын мәселелерді саралап, «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға бағытталған шараларды қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады.

Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлері аудан көлемінде жүргізіліп жатқан су құбыры жұмыстарын саралап, ардагерлермен алдағы уақытта атқарылатын жоспарларымен ақылдасып, олармен тәжіриебе алмасу мақсатында сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Өз кезегінде қонақтар еңбек жолы мен өмір жолына қатысты сұрақтарға қуана жауап беріп, өздерінің көп жылдық жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, қолға алынған жобалардың межелі мерзімінде іске қосылатындығына сенімді екендіктерін білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Кедесуді қорытындылаған салалық кәсіподақ төрағасы Абдурайра Манахов бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталып, «Кәсіподақ ұйымының негізгі жұмысы — еңбек адамының құқын қорғау. Еңбек адамына құрмет көрсету төңірегінде Президент өзінің халыққа арнаған Жолдауында ерекше атап өтті. Кәсіподақтар осы бағытта ауқымды жұмыстар атқара отырып, еңбек адамдарымен бірге екенін іс жүзінде айқын көрсетуде. Бүгінгі іс — шара соның бір көрінісі. Расында өмір жолы өнеге, еңбек жолы үлгі болған ардагерлерімізден аларымыз көп. Осы ретте Сіздердің тәжірибелеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіз — біз үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де қайталанбас үлгі»,- деп өз сөзін түйіндеді.

Тағылымы мол кездесу барысында көрсетіліп жатқан құрметке риза болған ардагерлеріміз бен зейнеткерлеріміз еңбек ұжымына жылы лебіздерін білдіріп, ақ баталарын берді.

Айта кетейік, бүгінде Созақ ауданын сумен жабдықтаушы «Шолаққорған-су» МКК-да 78 еңбеккер жұмыс атқарады. Олардың барлығы 100% кәсіподақ мүшелері. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Жартас Әлімбетов.