Қазіргі жаһандану дәуірінде тілдің рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Әсіресе көпұлтты мемлекеттер үшін ортақ тілдің болуы – қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің негізгі кепілі. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік тілдің маңызы ерекше. Ол тек ресми қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар этносаралық қарым-қатынастың негізгі тілі болуы тиіс.
Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Елде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осындай жағдайда олардың бір-бірімен түсінісуі, ортақ тіл табысуы аса маңызды. Бұл міндетті жүзеге асыратын басты құрал – мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі. Мемлекеттік тіл арқылы әртүрлі этнос өкілдері өзара қарым-қатынас жасап, қоғамдық өмірге белсенді араласа алады.
Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында «ТІЛ – ТАТУЛЫҚТЫҢ ТҰҒЫРЫ» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдық маңызын арттыру, этносаралық келісім мен бірлікті нығайту, сондай-ақ тілдік саясатты жүзеге асыру бағытындағы ой-пікірлерді ортаға салу.
Жиынды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Көпжасарұлы Баетов жүргізді.
Отырыс барысында спикерлер келесі бағыттар бойынша мазмұнды баяндамалар жасады:
-мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудағы қазақ тілінің ұлттық корпусының рөлі;
-тіл туралы заңнаманы насихаттау арқылы қоғамдық бірлікті қамтамасыз ету;
-мемлекеттік тілдің этносаралық қатынастардағы және ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызы.
Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдардың мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, білім беру ұйымдарының педагогтері мен тіл мамандары, сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел аясында қатысушылар арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оның қоғамдағы рөлін күшейту бағытында ұсыныстар айтылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың маңызды факторы екендігі атап өтілді.
Мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тіліне айналуы – елдің болашағы үшін маңызды қадам. Бұл, біріншіден, қоғамдағы бірлікті нығайтады. Екіншіден, ортақ мәдениет пен құндылықтардың қалыптасуына ықпал етеді. Үшіншіден, әр азаматтың өзін осы елдің толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік береді.
Алайда мемлекеттік тілдің бұл деңгейге көтерілуі үшін оны дамыту мен насихаттауға ерекше көңіл бөлу қажет. Білім беру жүйесінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру, бұқаралық ақпарат құралдарында оның қолданыс аясын кеңейту, сондай-ақ күнделікті өмірде қолдануды қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі. Әрбір азамат мемлекеттік тілді құрметтеп, оны үйренуге ұмтылуы тиіс.
Қорытындылай келе, мемлекеттік тіл – тек заңдық мәртебесі бар тіл ғана емес, ол – елді біріктіретін, этностар арасындағы түсіністік пен келісімді қамтамасыз ететін маңызды құрал. Сондықтан қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру – баршамызға ортақ міндет.
