Түркістанда орын алған қылмыстар

Түркістан қаласының полиция қызметкерлері қалада қылмыс деңгейін алдын алуда көптеген шаралар атқарып жатыр. Солардың бірі  Түркістан қаласында жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алған  жол-көлік оқиғасы. Полицейлердің анықтауынша, Түркістан қаласы көшелерінің бірінде белгісіз автокөлік жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан 2 орта жастағы әйелді соғып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Апат салдарынан жаяу жүргіншілер түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген, бүгінде жағдайлары орта дәрежеде.

Аталған жайтты полицейлер бірден ҚР ҚК-нің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» және 347-бабы «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша тіркелді.

Тәртіп сақшылары жол апатын жасап, оқиға орнынан жасырынған жүргізушіні ұстау мақсатында, барлық қажетті шараларды жүргізді. Оқиға орнын қарау барысында, белгісіз автокөліктің айна сынықтары, тағы басқа да дәлелдемелер алынып, соның нәтижесінде адам қаққан көліктің ақ түсті «Ваз-2106» екені анықталды.

Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде кінәлі жүргізуші 1 тәулікке жетпей тұрғылықты мекенжайынан анықталды. Көлігі айыптұраққа қойылды. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Түркістан полиция басқармасы  жолда жүргенде жол ережесін сақтауды ескертеді.  

Сонымен қатар Түркістан қаласының жергілікті тұрғыны өз үйінің аумағына қарайтын учаскелік полиция инспекторына арызданып, үйінің темір қақпасын ұрлап кеткенін жеткізді. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.

Орын алған ұрлық дерегін ізін суытпай ашу мақсатында полицейлерден арнайы топ құрылып, жедел-іздестіру шаралары іске асты. Жақын аралықтағы темір алып-сататын орындарда тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, Түркістан қаласында темір қабылдайтын орындардың бірінен ұрланған қақпа табылды. Одан соң қақпаны жымқырған күдіктінің жеке басы анықталып, полиция басқармасына жеткізілді.

Анықталғандай, күдікті ер адам жәбірленушінің күйеу баласы болып шықты. Ол қайын атасының ешкім тұрмайтын екінші үйіне ұрлыққа түсіп, қақпаны алып кеткен. Сондай-ақ күдікті ер адамның бұдан басқа 4 ұрлық дерегіне қатысы бары белгілі болды. Қазіргі уақытта күдікті деп танылған ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Егерде осындай жағдайлар мен заңсыздықтар орын алғанына куә болсаңыздар полицияның «102» байланыс нөміріне хабарласыңыздар. Тұрғындар тыныштығы мен қауіпсіздігі заң қызметкерлері үшін басты орында.