Түркістанда сайлауалды штабтардың өкілдеріне арналған оқыту семинары өтті

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Түркістан облысы бойынша филиалымен бірлесе 19 наурыз күні өтетін сайлауға орай оқыту семинарын өткізді.
Жиынға Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына саяси партиялар мен бір мандаттық округтер арқылы тіркелген кандидаттардың штабтарының өкілдері қатысты.
Семинарда облыстық аумақтық сайлау комиссия төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішев және сайлау комиссиясының мүшесі Данияр Оразымбетов сайлаудың маңыздылығы туралы баяндады.
Әмірдин Әлішевтің айтуынша, облыста сайлауға дайындық жұмыстары Орталық сайлау комиссиясы бекіткен негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сай белгіленген мерзімдерде кезең-кезеңімен атқарылуда. Облыс бойынша барлығы 1615 кандидат ұсынылған. Олардың 1284-і тіркеуден өтті. Осы тіркелгендердің 406-сы саяси партиялар арқылы ұсынылса, 878-і — өзін-өзі ұсынғандар.
Оқыту семинарында сайлауға дайындық және оның өткізу ерекшеліктері мен қаржылық қамтамасыз ету мәселелері, республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстардың мөлшері қаралды. Сонымен қатар, сайлау алдындағы үгіт жүргізудің талаптары мен күнтізбелік жоспардың орындалуы айтылды. Семинар барысында қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, оларға тиісті жауаптар берілді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі