Түркістандық полицейлер алтын ұрлаған күдікті әйелді қолға түсірді

Түркістан ҚПБ-ға алтын бұйымдарын сатумен айналысатын екі бірдей әйел арызданды. Жәбірленушінің бірінің айтуынша, белгісіз біреу оның сатылымда тұрған 2 дана алтын жүзігін жымқырып кеткен. Екінші арызданушы болса, 1 дана алтын жүзігі ұрланғанын жеткізді. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 200 000 теңгеге жуықтады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы “Ұрлық» бойынша тіркелді. Қылмысты дер кезінде ашу мақсатында Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру шараларын тиянақты жүргізді. Куәгерлерден сұрақ-жауаптар алынып, ғимараттағы барлық бейнекамералар жіті қаралды. Нәтижесінде түркістандық тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсті. Бір күн ішінде оның түр-тұлғасын анықтап, полиция басқармасына жеткізді. Анықталғандай, күдікті жас әйел жергілікті тұрғын болып шықты. Ол оңай жолмен ақша табу мақсатында, сатушылардың байқамай тұрған сәтін пайдаланып, алтын бұйымдарды жымқырған. Бүгінде полицейлер сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Айғақты зат ретінде күдіктіден ұрланған алтын әшекейлер табылып, заңды иесіне қайтарылды. Түркістан облысы полиция қызметкерлері тұрғындарға ескертеді: үй-жайларыңызға, жеке ғимараттарыңыз бен нысандарға мықты құлып орнатып, бейнекамералармен жабдықтаңыздар. Сондай-ақ аулаларыңызды жарықтандырып, есік-терезелеріңізге темір тор жасатыңыздар. Егер де, сіз, осы секілді ұрлық жайтының құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада «102» нөміріне хабарлаңыз.

ТО ПД баспасөз қызметі