Түркістанның полицейлері көлігі бұзылып, жолда қалған жас жігітке көмектесті

Түркістан облысы Қазығұрт ауданының полицейлері көлігі бұзылып қалған жас жігітке көмектесті.Тарқатып айтар болсақ, Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің патрульдік полицейлері жолдарды патрульдеу кезінде, қиындыққа тап болған жолаушылар мен жүргізушілерді жиі кездестіреді. Мәселен, кезекті рет өз қызметтерін атқарып жүрген полицейлер аудан маңындағы трассалардың бірінде жол бойында тоқтап тұрған «ВАЗ-21015» көлігін көріп, жанына тоқтайды. Жүргізушінің қал-жағдайын сұрап, көмек қажет етіп тұрғанын бірден түсінеді. Жүргізуші тәртіп сақшыларына көлігі бұзылып, енді автосервиске жете алмай тұрғанын айтады. Тәртіп сақшылары бірден жедел әрекетке көшіп, қызметтік көліктерімен жүргізушінің автокөлігін сүйреп, жөндеу орталығына жеткізеді.Тәртіп сақшыларының жасаған іс-әрекеті мен көмегіне риза болған жүргізуші: «Жолда келе жатып, көлігім бұзылып қалды. Полицейлер мені көре сала келіп, тоқтап, көмегін көрсетті. Алла разы болсын! Полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын. Жұмыстарына сәттілік тілеймін!», — деп, шынайы ризашылығын жеткізді. Қазығұрт ауданының тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен болдырмау мақсатында күнделікті қызметтерін атқарып, көмек қажет еткен жанға көмектесіп, игі іс жасауларын жалғастыра бермек.

ТО ПД баспасөз қызметі