Түркістан облысында есірткілік мас халде көлік басқарған тұрғын 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды

Мақтаарал ауданында күнделікті жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тәулік бойы қызметте жүрген полицейлер түрлі жағдайлардың алдын алып, рейдтік-профилактикалық іс-шараларды өткізіп отырады. Осындай жұмыс күнінің бірінде тәртіп сақшылары, мас халде көлік тізгіндеген жүргізушіні анықтап, соның салдарынан болуы мүмкін жол-көлік оқиғасының алдын алды.

Мәселен полиция қызметкерлері Атакент-Жетісай тас жолында жаздық дөңгелекпен жүрген «Daewoo Matiz» маркалы көлікті тоқтатты. Тәртіп сақшылары жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде, оның масаң күйде екендігін байқап, бірден медициналық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысымен жүргізушінің есірткілік масаң күйде автокөлік басқарғаны анықталды.

Аталған жайт ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркелді. Осылайша жол ережесін бұзушыға қатысты тиісті шешім қабылдау үшін жинақталған іс құжаттар сотқа жолданды. Соттың шешімімен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.