Түркістан облысында жүгенсіз жүргізушілер жедел жауапқа тартылды

Түркістан облысының полицейлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, күнделікті патрульдеу қызметтерінен бөлек әлеуметтік желілерге де тұрақты мониторинг жүргізіп отырады. Осындай кезекті бақылау кезінде полицейлер бірқатар заңбұзушылықтарды анықтап, оны жасаған жүргізушілерді шұғыл тауып, жауапқа тартты. Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысы ПД патрульдік полиция тобының назарына «Алматы-Ташкент-Термез» тас жолының 670 шақырымында мектеп бітіргендердің 10 жылдықты атап өту кезінде көліктер шеруін ұйымдастырған бірнеше көлік ілікті. Полиция қызметкерлері бейнежазбадағы жол ережесін бұзып, басқа көліктердің жүруіне кедергі келтірген, жолаушылары көліктің терезесінен денесін шығарып отырған көліктерді анықтауға бірден кірісті. Нәтижесінде бейнежазбадағы «Toyota Land Gruizer Prada», «Toyota Rav4» маркалы көліктерінің кімге тиесілі екені нақтыланып, жүргізушілері анықталды. Бұл екі жүргізуші Шымкенттің 20 жастағы тұрғындары болып шықты. Жол қозғалысы ережесін бұзған көлік тізгіндеушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ «Toyota Rav4» жүргізушіне ҚР ӘҚБтК-нің 614-бабымен «Көлік құралдарының жүруіне кедергі келтіру» хаттама толтырылды. Ал «Toyota Land Gruizer Prada» жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабымен «Жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» әкімшілік шара көрілді. Бұдан бөлек бейнежазбадағы тағы бірнеше көлік жүргізушісінің жеке басы расталып, тез арада тауып, жауапқа тарту жұмыстары жүргізілуде. Өз кезегінде көлік тізгіндегендер мұндай бассыздықтарға алдағы уақытта жол бермейтіндіктерін жеткізді. Жалпы жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларын азайту мәселесі әрқайсымыз үшін маңызды! Сондықтан сақшылар тарапынан рейдтік және мониторинг жасау жұмыстары одан әрі жалғаса бермек. Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жолда абай болуға және жол ережесін қатаң ұстануға кеңес береді. Жол қателікті кешірмейді.

ТО ПД баспасөз қызметі