Түркістан облысында полиция лейтенанты оқушыларды қуантты

Қайырымдылық-адамның ең асыл қасиеттерінің бірі. Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Бүгінде әке жолын жалғап, қайырымдылық істі өзіне ту еткен Отырар аудандық ПБ тергеу бөлімшесінің тергеушісі полиция лейтенанты Мұхтар Ордабай аудан мектептерінің біріне арнайы барып қайтты. Мұндағы негізгі мақсат 2012 жылы соғыс ардагері Ордабай Нышанбаев атасының атына ашылған кабинет оқушыларын сый-сияпаттармен қуанту. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», — деген ұлы сөзді алға тартқан полиция лейтенанты барша сынып оқушыларына оқу құралдарын табыстап, 2 оқушыға спорттық киім сыйлады. Аталмыш жылдан бері тәртіп сақшысы атасының өмірден озған күніне орай жыл сайын бұл істі дәстүрге айналдырған. Жақсылық жасау — парасаттылықтың айқын көрінісі. Өз кезегінде полиция қызметкерінің игі ісіне риза болған мектеп оқушылары өз алғыстарын айтып, қуаныштарын жасыра алмады. Сонымен қатар Мұхтар Ордабай мұндай іс-шаралардың алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын айтып өтті.

ТО ПД баспасөз қызметі