Түркістан облысының бас полицейі саптық жиын өткізді

Бүгін 17 ақпанда ТО ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, жеке құрамның дайындығы мен автокөлік қызметінің даярлығын тексеру мақсатында өткізілген саптық байқауға арнайы қатысты. Іс-шараға Түркістан облысы Полиция департаменті аппараты, Түркістан, Кентау ҚПБ-ның жеке құрам қызметкерлері, яғни барлығы 550 полиция қызметкері және 50-ден астам автотранспорт бірлігі қамтылды. Саптық жиында сөз алған полиция генерал-майоры М.Қабденов, облыс полицейлері біртіндеп жаңа формаға көшетінін жеткізді. Жаңа қызметтік формамен ең алдымен патрульдік полиция жасағы және учаскелік полиция инспекторлары қамтылатынын айтып, бұл форма барынша ыңғайлы, түрлі климаттық жағдайға төзімді екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ Полиция департаментінің бастығы: «Бүгін қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, жеке құрамның даярлығын тексеру аясында, полицияның кешенді күштерінің жалпы гарнизондық саптық жиынын өткізіп отырмыз. Негізінде полиция қызметі — қоғамдағы ең маңызды салалардың бірі. Оған дәлел, кешегі қаңтар айында орын алған қақтығыс. Иә, полиция халыққа барынша жанашыр, қорған болып, олармен сыпайы қарым-қатынас орнату қажет. Тәртіп сақшысы үшін қоғамның алғысы мен сенімі ең жоғары баға. Полиция — күнделікті халықпен тығыз қарым-қатынаста қызмет атқаратын болғандықтан, олардың сыртқы келбеті мен нысандық киім кию үлгісі талапқа сай болуы қажет. Қызметкерлердің жинақы және ұқыпты сырт келбеті азаматтардың полицияға деген сенімінің артуына, полицияның оң имиджінің қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан әрбіріңіз талапқа сай болыңыздар. Қызметтеріңізге сәттілік тілеймін!»-деп атап өтті. Облыстың бас полицейі одан әрі тәртіп сақшыларының сыртқы түрі мен жинақылығын жеке бағалап, Ішкі істер органдары қызметкерлерінің саптық жарғы ережелерін меңгеруін, саптық дағдының дәрежесін анықтап, қызметкерлердің киім киісі талаптарына сай болуын қадағалады. Патрульдік полицияның қызметтік автокөліктеріне де тексеру жүргізді. Көліктерде құтқаруға арналған құрал-жабдықтар түгел болуын ескертіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті басшыларға тапсырмалар берді. Аталған ережелердің ҚР ІІМ-нің арнайы стандарттарына сәйкестігі де бағаланды. Саптық байқау аяқталған соң, полицейлер полиция бөліністері бойынша салтанатты шеруден өтті және тәртіп қорғаудың күнделікті міндеттерін орындауға кірісті.

ТО ПД баспасөз қызметі