Түркістан облысының криминалистері ардагерлермен кездесті

Түркістан облысы Полиция департаментінің Жедел-криминалистикалық басқармасы қызметкерлері жыл сайынғы дәстүрге сай криминалистика саласынан зейнеткерлікке шыққан ардагермен кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында қылмысты ашуда 30 жылдан астам абыройлы қызмет атқарған Ішкі істер саласының ардагерлері Садуақас Адилбеков пен Бекболат Тастанбековтер шақырылды.Жедел-криминалистикалық қызметтің ардагері, зейнеттегі полиция подполковнигі Бекболат Мүтәұлы қазіргі таңда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы болып қызмет атқарып жүр. Ардагер аға жас мамандар полиция аға лейтенанты Алтынбек Қоқымбаев пен полиция аға лейтенанты Шыңғыс Сарсековқа «Криминалистика», «Соттық сараптама» тақырыптарындағы теориялық және тәжірибелік білімдерімен бөлісті. Өз кезегінде жас маман-криминалистер ардақты ұстаздың ақыл-кеңестерін саналарына сақтап, алдағы қызмет барысында тәжірибеде қолданатындарын айтып, ардагер қызметкерге алғыстарын білдірді. Сонымен қатар Түркістан облысы ПД Жедел-криминалистикалық басқармасы бастығының орынбасары лауазымынан зейнеткерлікке шыққан Садуахас Әділбеков жедел-криминалистика саласындағы теориялық білімі мен ұзақ жылғы тәжірибесіне үлгі ретінде қарайтындықтарын жеткізді. Ардагерлер басшы құраммен жедел-криминалистикалық басқармасының жеке құрамына ризашылықтарын айтып, жас мамандарға баталарын берді. Сөз соңында Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы полиция подполковнигі Нұржан Абдикаликов криминалистика саласында жас мамандардың кәсіби деңгейін көтеріп, тәжірибесін арттыруда ардагерлердің ерекше орын алатынын және алдағы уақытта осындай кездесулер жалғасатындығын атап өтті.

ТО ПД баспасөз қызметі