Түркістан облысының криминалистері қайырымдылық шарасын өткізді

Түркістандық полицейлер облыс тұрғындарына, әсіресе зейнеткерлерге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созудан аянып қалған емес. Тіпті алыс елді-мекендердегі отбасыларға, жалғыз басты аналар мен әкелерге де арнайы көмек көрсетіп, азаматтардың алғысына бөленуде.Осындай кезекті бір қайырымдылық іс-шарасын Түркістан облыстық Полиция департаментінің Жедел–криминалистикалық басқармасы қызметкерлері ұйымдастырды. Олар басқармадан жеке құрам жасақтап, өз еріктерімен қаржы жинақтап, Сайрам ауданы, Қарасу ауылының тұрғыны Анар Асанованың арнайы үйіне барып, сый-сияпат жасады. Яғни жалғыз қызы мен 6 немересін бір өзі асырап отырған әжей полицейлер тарапынан тұрмыстық керек-жарақ және азық-түліктермен қамтамасыз етілді. Өз кезегінде ақ жаулықты ана мұндай күтпеген жерден өзіне жасалған қайырымдылық шарасына көңілі көншіп, қуанып қалды. Сондай-ақ арнайы келген қызметкерлердің алдағы еңбек жолдарына табыс тілеп, ақ батасын берді. Полицейлерде еліміздегі мұндай жалғыз басты қайсар аналарға көмек қолын ұсынып, жәрдем ету өз парыздары екендігін алға тартып, өздері де зейнеткерге ризашылық білдірді.

ТО ПД баспасөз қызметі