Түркістан облысының полицейлері жалған құжат жасаған мемлекеттік қызметкерді анықтады

Созақ ауданы ПБ-ға аудан әкімдігінен қатынас хат келген. Онда аудан әкімшілігінде заңсыз қаулылар енгізілгені, соның заңдылығын тексеру керектігі туралы көрсетілген. Ақпарат алысымен созақтық полиция қызметкерлері жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшыларының тарапынан жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында, қызметтік мүмкіндігін негізсіз пайдалану арқылы құжаттарды қолдан жасау және өткізумен айналысқан Созақ аудандық әкімдігінің мемлекеттік қызметкері анықталып, ер адам ПБ-ға жеткізілді. Белгілі болғандай, күдікті ретінде танылған ер адам мемлекет есебінен тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие беру туралы құжаттарды жалған жасаған.Полицейлер аталған жайтты ҚК 385-бабы, яғни «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеу амалдарына кірісті. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға заңға қайшы келетін әрекеттер үшін заңмен қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.

ТО ПД баспасөз қызметі