Түркістан облысының полицейлері 10 отбасына ет тарқатып, қайырымдылық жасады

Сауапты істің бірі де бірегейі жақсылық пен қайырымдылық жасау. Осы орайда Түркістан облысы полицейлерімен аз қамтылған, тұрмысы төмен, ерекше балалар тәрбиелеп отырған ата-аналар мен көпбалалы отбасыларға ай сайын қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, көмек көрсетіліп тұрады. Оған қоса олардың отбасына арнайы барып, хал-жағдайларын біліп кездесу, сый-сияпаттар табыстау дәстүрге айналған. «Қайырымдылық-қайырлы іс!» дегенді ұран еткен Арыс аудандық полиция бөлімінің полицейлері өз қызметтерінен бөлек қайырымдылық шараларын жиі жасауды қолға алған. Мәселен мереке қарсаңында аудандағы 10 бірдей тұрмысы төмен отбасыға 1 жіліктен жылқы етін табыстады. Полицейлердің айтуынша, өңірдегі көмекке мұқтаж жандардың тізімін учаскелік полицейлерден алып, олармен үнемі байланысып, барынша қолдау білдіреді. Өз кезегінде жақсылық жасаудан жарысып, нағыз жомарттық танытқан азаматтарға көпшілік мол сауапқа кенелуді тіледі. Полицейлердің жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық тілей отырып, ақ баталарын берді.

ТО ПД баспасөз қызметі