Түркістан полицейлері көліктен қару тапты

Түркістан облысы аумағында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның мақсаты-қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және қылмыстың жолын кесу, полиция мәртебесін көтеру мен халықпен тығыз қарым-қатынас орнату болып табылады.Мәселен іс-шара кезінде Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылының учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Нұрдаулет Еділов өзінің белгіленген аумағында рейд жүргізу барысында, Спанов көшесі бойында Ресей федерациясынан есептен шығып кеткен Ауди маркалы автокөлікті тоқтатады. Қазіргі таңда көлік иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы «Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiк құралын басқару» бойынша хаттама түзілді. Содан тәртіп сақшылары автокөлікті тексеру кезінде, автокөліктің алдыңғы орындығының астынан тіркеуде жоқ 16 калибрлі тегіс ұңғылы аңшы қаруы айғақты зат ретінде тәркіленіп алынды. Бүгінде құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі таңда бұл материалдар Сарыағаш аудандық әкімшілік сотына жолданды.Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерді және жол қозғалысының өзге де қатысушыларын жол жүру ережелерін қатаң сақтауға және жолдарда абай болуға шақырады.

ТО ПД баспасөз қызметі