Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Шымкентте «Тen qogam» әлеуметтік қолдау орталығы ашылды

Шымкент қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қала өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасау және оларға көрсетілетін қызмет түрлерін қолжетімді ету мақсатында «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығы ашылды. Бұл орталық 2021-2025 жылдарға арналған «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында іске асырылуда.Жаңа орталықтың ашылуына қатысқан Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов мүмкіндігі шектеулі азаматтар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінулері керек екенін айтты.«Мемлекет басшысы әрдайым мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін қолдаулар мен әлеуметтік көмекті жіті назарда ұстайды. Азаматтарға қолайлы жағдай, жайлы орта құру немесе өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға мемлекет тарапынан тиісті қадамдар жасалып келеді. Қазір Шымкент қаласында 36 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүруде. Біз әлеуметтік жәрдемақыларды уақытылы төлеумен ғана шектелмей, оларға өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіруміз қажет. Бұл ретте мүгедектерді оңалту мен оларды қоғамға кіріктіру міндеттерін сапалы жүзеге асырудың маңызы зор»,- деді қала басшысы.Ж.Аймауытов көшесі, 130 үй мекен –жайында орналасқан «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы «Бір терезе» қағидасымен 5 бағытта қызмет түрлерін ұсынады. Орталық ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыруға баса назар аударатын болады. Бұдан бөлек әлеуметтік қызмет порталдарын ешкімнің көмегінсіз қолдануды үйретпек. Мамандардың айтуынша, орталықта заң бағытында сондай-ақ, әлеуметтік, психологиялық, тұрмыстық мәселелер бойынша кеңес беріледі.Айта кетейік, ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау үшін бюджеттен – 3,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Одан бөлек, 8 үкіметтік емес ұйымдар арқылы 2 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат арнаулы әлеуметтік шаралармен қамтылды.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі