Тәуелсіздік күні қалай тойланбақ

Еліміз Тәуелсіздік алған уақыттан бері жыл сайын желтоқсан айында Тәуелсіздік күні 16-17 желтоқсан Ұлттық мереке ретінде кең көлемде тойланып келген.

Биылдан бастап Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы Заңына енгізілген өзгертулерге орай 16-желтоқсан мемлекеттік мереке ретінде тойланатын болады.

Мемлекеттік мереке статусына ие болған Тәуелсіздік мерекесінде еске алу, танымдық-ағартушылық, қайырымдылық сипаттағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл қазақстандықтардың саяси мәдениетімен азаматтық ынтымақтастығын арттыруға бағытталады.

Атап айтар болсақ биыл Шымкент қаласында еске алу бағытында қаладағы үкіметтік емес ұйымдар, білім беру, мәдениет, спорт мекемелерінің ұйымдастырумен «Желтоқсан жаңғырығы», «Тәуелсіздік тұлғалары», «Тәуелсіздік тірегім – Қазақстан жүрегім», «Желтоқсан желі ызғарлы», «Тәуелсіздік таңы», «Ызғарлы желтоқсан», «Мұздағы жауқазындар» жанған әдеби-танымдық және шығармашылық кештер қала тұрғындарын ерекше сезімге бөлегені анық.

Елді дамыту, Әділетті Қазақстан құру идеяларын насихаттау мақсатында 14 желтоқсан күні М.Әуезов атындағы ОҚУ ғимаратында «Тәуелсіздік тұлғалары» атты ғылыми-конференция ұйымдастырылып, 15-16 желтоқсан күндері Шымкент қалалық «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» мұражайында экскурсиялар, ашық есік күні өтуде.

Сондай-ақ мереке күні жергілікті телеарналарда «Тәуелсіздік белестері» тақырыптарында документалды фильмдер сериясы, түрлі спикерлердің сұқбаттары, танымдық телебағдарламалар, Желтоқсан оқиғасының қаһармандарын дәріптейтін құттықтаулар шығарылады.

Сонымен қатар қаладағы Желтоқсан оқиғасына қатысып, ресми ақталған 17 азаматқа 60 АЕК көлемінде біржолғы көтермелеу жәрдемақысы төленді.

Ал, Тәуелсіздік күні Желтоқсан оқиғаларына қатысушыларға арналған ескерткіштерге, Тәуелсіздік стелалары алдында гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.