Тәуелсіздік мерекесіне орай Ордабасыда жаңа мектеп пайдалануға берілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында Ордабасы ауданына қарасты Аққойлы ауылында 100 орындық «Ақбастау» атындағы жалпы орта мектебінің ашылу рәсімі өтті. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат депутаттары Дулат Әбіш, Ғани Райымбеков, аудан әкімі Азат Оралбаев қатысты.

-Түркістан облысында биыл мемлекет есебінен 33 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда 33 мектептің 7-і ел игілігіне тапсырылды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 13 мектеп пайдалануға берілетін болады. Одан бөлек, 6 230 оқушыға шақталған 35 жекеменшік мектеп ашылмақ. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдары облыста 49 мың оқушыға шақталған 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Бүгінде қолданысқа берілген жаңа мектепте жабық спорт залы, медициналық кабинет, оқу залы, IT кабинеті, асхана, ашық спорт алаңшасы бар. Жалпы ауданда 72 мектеп болса, бүгін соның қатары бір мектепке толығып отыр. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 2023-2025 жылдары аралығында ауданда тағы 5 мектептің құрылысы жүргізіледі деп жоспарлануда.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі