«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Еңбекші ауданында көпқабатты 35 тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып жатыр

Шымкент қаласында 2021 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында бірқатар жобалар жүзеге асып келеді. Биыл тұжырымдаманың «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Еңбекші ауданында көпқабатты 35 тұрғын үйдің ауласына абаттандыру жұмысы жүргізіліп, ойын алаңшалары орнатылып жатыр. Сонымен қатар, жеке сектор аумағындағы 11 мекенжайда заманауи кешенді спорт және ойын алаңшаларын құру жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда Еңбекші ауданы бойынша 283 көпқабатты үйлер 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда. Бұл дегеніміз тұрғындар өз ұсыныстарын жасау арқылы, жергілікті бюджеттің қалыптасуына қатысады.

Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері көпқабатты 28 үйдің ауласын абаттандыру, жеке сектордағы 8 мекенжайда кешенді балалар ойын алаңшасын орнату жұмысы аяқталған. Бүгінде Еңбекші ауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасының игілігін көріп отыр. Сондай-ақ, жобасы аясында 2024 жылға бюджеттік өтінім берілген. Оның ішінде 2 гүлзар, 40 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру және жеке секторда 23 мекенжайда кешенді балалар ойын және спорт алаңшасын орнатуға арналған сметалық құжаттамалар әзірленген.

Еске сала кетейік, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардың өтінімдері әр жылдың 20 қаңтарынан 1-наурызына дейін қабылданады. Көрсетілген мерзімде тұрғындар өтінім беріп, екінші кезеңде электронды түрде дауыс беру процессі жүргізіледі. Тұрғындар арасында 50 дауыс жинаған жоба әкімдіктің жұмыс жоспарына енгізіліп, іске асырылады.