Х азаматтық форумы

22-26 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылдығы» тақырыбында Х Азаматтық форумы басталған болатын.Форумға Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қытай, Беларусь, Ресей, Франция мемлекеттерінің өкілдері, сонымен қатар республикамыздың барлық өңірлерінен делегаттар, оның ішінде Шымкент қаласынан «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, қалалық азаматтық алянс өкілдері қатысты.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың X Азаматтық форумына арналған құттықтауын ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев оқыды.«Азаматтық қоғам құру біз үшін негізгі басымдықтың бірі. Елбасының бастамасымен 2003 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан форум осының айқын дәлелі. Диалогтың осы үлгісі көптеген мәселені талқылап ұсыныс әзірлейтін тиімді пікірталас алаңына айналды. Форум Азаматтық бастамаларды қолдау үшін жүйелі шаралар қабылдауға септігін тигізуде. Сондай-ақ стратегиялық және заңнамалық құжаттар дайындауға ықпал етуде. Былтыр менің жарлығыммен «Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл құжат билік органдары мен қоғамдық ұйымдардың серіктестігін күшейтуді көздейді. Оған қоса тұрғындардың елдік істерге еркін араласуына мүмкіндік береді», — деді Президент құттықтау хатында.Шара барысында спикерлер тарапынан мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам арасында тығыз қарым-қатынас орнату мәселелері талқыланды.Қатысушылар әлеуметтік, экономикалық, мәдени және жастарды қолдау тақырыптары аясында өз пікірлерін білдірді, мастер кластар өткізіп, сүбелі ұсыныстар жасалды.Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі министр А.Балаева биылғы 10 маусымда Президент «Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарына» қол қойғанын еске салды. Бұл мемлекет пен Президенттің: қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету саласындағы елеулі өзгерістерге дайын екендігін көрсететінін жеткізді.Азаматтық қоғамның өкілдері жауапты азамат ретінде мемлекеттік басқарудағы шешімдерге қатысып, қоғамдық бақылау жасап, қызығушылық танытса, әділетті мемлекеттің іргесін қалауда үлкен істер тындыруға болады . Форум соңында үкіметтік емес ұйым өкілдері марапатталды.Пленарлық отырыстан кейін дәстүрлі «ҮЕҰ-ға арналған сыйлығы» салтанатты түрде табыс етілді.Сонымен қатар, алғаш рет 15 номинация бойынша 10 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар ҮЕҰ арасында «Таңдау» сыйлығы табысталды.X Азаматтық форумда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптары талқыланды.

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы