Шу ауданына жаңа әкім тағайындалды 

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслиxатының келісімімен, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Сәкен Арубаев  Шу ауданының әкімі болып тағайындалды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Аймақ басшысы Шу ауданының жоғары әлеуетін тимді пайдаланып, өңірдің экономикасын көтеруге, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық саласын дамытуға барынша ден қою керектігін атап өтті. Сондай-ақ, ауданның жаңа басшысына әлеуметтік мәселелерді оңынан шешу, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырып, нақты міндеттер жүктеді.

Сәкен Қаланұлы 1976 жылы туған. М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университетін 1998 жылы «жерге орналастыру инженері», 2006 жылы «экономика бакалавры» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1998 жылы Жамбыл облыстық ғылыми-өндірістік жерге орналастыру орталығында инженер жерге орналастырушы болып бастаған.

Әр жылдары, Жамбыл облыстық жер инспекциясының, облыс әкімі аппаратының бас маманы, облыс әкімінің көмекшісі, облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары, облыстық әкімдігінің жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларының басшысы, Мойынқұм ауданының әкімі, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарында еңбек еткен.

2019 жылдың қарашасынан бастап Жамбыл ауданының әкімі қызметін атқарып келді.

Жамбыл облысының әкімдігі Баспасөз орталығы