Шымкенттегі жаңарудан өткен  кітапханалар қала мәдениетіне қызмет етуде                                            

Үшінші мегаполистегі кітапханалар заман талабына сай жаңартудан өткізіліп, қала тұрғындарына қызмет көрсетуде. Әрқайсысының өз оқырманы бар.

Мысалы, қаладағы ең ірі кітапхана – «Әл-Фараби» ғылыми-әмбебап кітапханасы 2014 жылы қаңтар айында ашылған. Былтыр жаңарту жұмыстары жүргізілген кітапханада Фараби залы, планетарий, аудиозал, Шымкент қаласының 2200 жылдығына орай «Қайырымды қала» залдары ашылып, жұмыс істеп тұр. Оқу залы, шетел әдебиеті залы, абонемент және сирек кітаптар бөлімі жаңартылған мәдениет орнында бүгінде оқырмандарға 7 бөлім және 10 сектор қызмет көрсетеді. Жалпы кітап қоры – 419 554, электронды қор – 6 720.
Рухани ордада 2022 мұнда жалпы саны 331 іс-шара ұйымдастырылды. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Кедергісіз кітап» әлеуметтік жобасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын қолдау мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды. «Бір ел – бір кітап», «Бір қала – бір кітап» акциялары аясында Ахмет Байтұрсыновтың еңбектері кеңінен насихатталды.
Ал Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана тікелей жұмысымен қоса зағип жандардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған мәдениет орны саналады. 2021 жылдың соңынла толық жаңартудан өткен кітапхана қала тұрғындары үшін өзінің есігін айқара ашты. Нәтижесінде мұндағы кітап қоры 144 мыңға, ал оқырман саны 20 000-ға жетті.
Үшінші мегаполисте, бұған қоса, көпшілік оқырманға Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі қызмет көрсетіп келеді. Абай атындағы қалалық орталық кітапхана мен 23 кітапхана бөлімшесінің жалпы қорында 547 мыңнан астам кітап бар.
Ал Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесін мәдениет орны ғана емес, отбасымен бірге тиімді уақыт өткізуге және балалар демалысы үшін қолайлы жағдай жасалған, «үй үлгісіндегі» жаңа форматтағы кітапхана деуге болады. Кітапхана аумағында оқу аймақтары, кітап және оқырмандар залымен қоса балалалар ойын аймағы, «Урба кофе» кофеханасы, «Изостудия» орналасқан.

2022 жылы жаңартудан өткен А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхананың ерекшелігі студенттер мен мектеп оқушыларының ағылшын тілін үйретудегі білім деңгейін көтеру үшін «American Corner Shymkent» атты америкалық бұрыш жұмыс істеп тұр.