Шымкентте жаңа электр станциясы салынады

Шымкент қаласында жаңадан бу-газ электр станциясы салынады. Станцияның құрылысы биыл басталып, 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Жаңа электр станциясының қуаттылығы сағатына 550 МВТ электр қуатын өндіруге жететін болады.

Станцияның құрылысын «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамы және оның құрылтайшысы «Еуразия тобы» компаниясы жүзеге асырмақ.
Шымкент қаласының өзектендіріліп жатқан жаңа Бас жоспарында көрсетілген есептеулерге сәйкес, 2030 жылға қарай шаһар сағатына 545,7 МВт электр қуатын тұтынатын болады. Демек, жаңа электр станциясы аталған проблеманы толық шешіп, Шымкентті сыртқы қуат көздеріне тәуелділіктен арылтады.

Айта кетейік, Шымкент қаласының әкімдігі шаһарды сапалы электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында мұнан өзге де ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Мәселен, соңғы 5 жылдың ішінде қалада 4 қосалқы станция салынды. Мұнан бөлек 2022-2027 жылдары аралығында бюджет есебінен қала аумағында 6 дана қуатты таратушы қосалқы станция салу жоспарланған. Олар «Ынтымақ», «Қызылсу», «Жұлдыз», «Тұран», «Шымсити» және көлік логистикалық орталығындағы салынатын болады.

«Шымкент келбеті».