Шымкентте кәсіподақ мүшелерінің құқықтық біліктілігін арттыру мақсатында семинар өтті

«Шымкент қаласының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының бастамасы негізінде кәсіподақ мүшелерінің құқықтық біліктілігін арттыру мен кәсіподақ қызметінде еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі жайлы семинар-тренинг өтті. Семинарға ҚР Кәсіподақтар Федерациясынан арнайы шақыртылған лекторлар пулы, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, 80 кәсіподақ мүшелері мен әлеуметтік әріптестер, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Семинарда модератор болған Бауыржан Ілімшеұлы баяндалатын тақырыпқа қатысты кіріспе сөзін айтып, бүгінгі семинар жұмысын ашып берді. Семинардың баяндамашылары — ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова мен ҚР Кәсіподақтар Федерациясының лекторлар пулының мүшесі Майра Боранбаева болды.

Семинар жұмысын алғы сөзімен ашқан еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ләззат Айдарханқызы семинардың барысымен таныстырып өтті. Ол өз кезегінде қатысушыларды құттықтап, бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты — кәсіподақ мүшелерінің құқықтық мәдениетін көтеру мен біліктілігін арттыру екендігін тілге тиек етті. Ләззат Айдарханқызы әлеуметтік әріптестіктің кәсіподақ қозғалысындағы маңыздылығы, кәсіподақ қызметінде еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі, кәсіподақ көшбасшылығы мен кәсіподақ қызметінің құқықтық негіздерімен толық таныстырып, еңбек жағдайын жақсарту жөнінде құнды мағлұматтар айтып, қатысушыларға баяндап өтті. Ал тыңдаушылар болса тақырып аясында сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Одан бөлек, семинарда еңбек қатынастары, ұжымдық шарттың қажеттілігі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, Келісу комиссиясының жұмысын ұйымдастыру жайлы айтылды. Осы тақырыптарды Майра Қадырбекқызы кеңінен тарқатып түсіндіріп, баяндама жасады. Ол өз кезегінде Қазақстан Республикасы заңнамалығына сәйкес, әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес құқықтық міндеттерін талап ету жолдарын слайд арқылы нақты дәлел келтіре отырып, егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

Кездесуде аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшеұлы аталмыш семинар кәсіподақ заңнамаларына қатысты білім негізін нығайтуға мүмкіндік беретініне тоқталып, қатысушыларға берілген мағлұматтардың құнды екендігін атап, осындай семинарлар алдағы уақытта да жалғасын табатынын алға тартты. Төраға Майра Қадырбекқызымен бірге семинар-тренингті қорытындылап, қатысушыларға арнайы ҚР Кәсіподақтар Федерациясының сертификаттарын табыс етті.