Шымкентте кәсіподақ қатары артпақ

«YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» РҚБ-нің Шымкент филиалының құрамына кіргізу мақсатында «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Бауыржан Әлтеев «Радуга-транспорт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлерімен кездесті.

Автопарк ұжымымен кездесуде Бауыржан Ілімшеұлы жұмысшылардың өміріндегі кәсіподақтың рөлі мен орны туралы, жұмысшылардың құқықтарын қорғау жөніндегі кәсіподақтың аумақтық және бастауыш ұйымының қызметі туралы, ұжымдық шарттың тиімділігі, еңбек дауларында кәсіподақтың атқаратын рөліне тоқталып, кеңінен түсіндіріп баяндап өтті.

«Жұрт қызметшісі саналатын кәсіподақ ұйымдары еңбек адамының заңды еңбек құқықтарының бұзылмауын, еңбек қауіпсіздігінің заң аясында сақталуын қадағалайтын пәрменді ұйым. Кәсіподақ мүшесінің құқығы бұзылған жағдайда, сол еңбек дауын мүмкіндігінше бейбіт түрде реттеуге тырысады» -деді Бауыржан Ілімшеұлы.

Төраға пікір алмасу барысында жұмысшылар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Кәсіподақтың тиімділігі жайлы толық ақпараттанған автопарк қызметкерлері мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымын құру қажет екенін бірауыздан қолдады.

Айта кетейік, «Радуга-транспорт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірде жолаушы тасымалымен айналысады. Парк автобустары 34 бағытта қызмет көрсетеді. Серіктестікте бүгінде 390 қызметкер жұмыс жасайды.

Естеріңізге салсақ, Шырайлы шымшаһарда болашақ бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» РҚБ-нің Шымкент филиалының құрамына кіру үшін алғашқы келісім шарттар даярланып, басшыларымен келіссөздер жүргізілген болатын.

Кеше, 9 қараша жұмыс күні соңында «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Бауыржан Әлтеев «Туркестанская Транспортная Компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлерімен арнайы кездесіп, кәсіподақ ұйымы жайлы толық ақпарат беріп, жұмысшыларға кәсіподақ қатарына қосылудың тиімділігі жайлы айтып өтті.

Бүгінде «Туркестанская Транспортная Компания» автобус паркі 34 бағыт бойынша жолаушылар тасымалымен айналысады. Компания қабырғасында 1200 адам қызмет жасайды.